Bek Air ұшағы апатынан зардап шеккен жолаушыларға компания әлі күнге өтемақы төлемеген
Салдарынан 12 адам қаза тапты. Бір айдан соң ұшақтың екінші ұшқышы көз жұмды. Бұл апаттан 50-ден астам адам зардап шекті. 1 жыл өтсе де тергеу әлі аяқталған жоқ. Ал Bek Air компаниясы өзге рейстерге алған жолаушылардың билет құнын толық қайтармай отыр.
Бұл қабырғаны қайыстырған қаралы оқиғаның болғанына 1 жыл өтті. Жанға батқан жара әлі жазылған жоқ. Желтоқсанның 27-сі ұша алмай қалған ұшақ 12 адамның өмірін жалмады.
Bek Air әуе компаниясының ұшағымен Алматыдан елордаға бет алған 93 жолаушының арасында Бақытжан Бекмағанбет те болған. Әуе кемесінің алдыңғы жағында отырған жолаушыны періштесі қақты десе де болады. Өйткені жанында отырған адамдар қаза болды. Ал Бақытжан Бекмағанбет екі аяғын 5 жерден сындырып, ауыр операциядан өтіпті.
Бақытжан Бекмағанбет, жәбірленуші:
– Авариядан кейін ес жиюға бір жарты жыл кетті ғой. Bek Air компаниясына мен хабарласқан жоқпын. Олар да маған хабарласқан жоқ. Больницада жатқан кезде бір 4 жігіті, яғни 4 ұшқышы келді. Солармен бір кішкене әңгімелескенім болмаса, мен ешқашан Bek Air компаниясының басшылығын көрген емеспін. Бұл компаниядан ешқандай компенсация алған емеспін. 1 миллион теңгені мемлекет берді.
Bek Air компаниясынан өтемақы былай тұрсын, билеттерінің ақшасын қайтара алмай жүргендер бар екен. Апатқа дейін басқа рейстерге алдын ала билет сатып алған адамдар әлі соттасып жүр.
Әлихан Шәкенов, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің өкілі:
– Бүгінгі күні комитет тарапынан тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін 4 талап арыз берілді. Талап арыздың жалпы сомасы – 103,3 миллион теңге. Біз 1678 адамның мүдделерін қорғап жүрміз.
Bek Air әуе компаниясы сатылған билеттердің құны дұрыс көрсетілмегенін алға тартып, сотқа аппеляциялық шағым беріпті. Бұдан бөлек Bek Air ұшақ соғылған үйдің иесін де сотқа берген. Бірақ бұл арыз қараусыз қалдырылды. Қазір ішкі рейстерді атқарып жүрген Bek Air әуе компаниясының ұшу сертификаты қайтарылып алынған.
Риат Шони, тілші:
– Ал ұшақ апатының себебін тергеуге келер болсақ, ол әлі аяқталмаған. Азаматтық авиация комитетінің мәлімдеуінше, оның басты себебі – карантиндік шектеулер. Яғни коронавирус пандемиясы кесірінен комиссия ұшақ бортында болған қара жәшіктегі жазудың соңғы қорытындысын әлі ала алмаған. Қазір апат себебінің екі нұсқасы қарастырылуда. Ол – сыртқы факторлардың әсері, яғни әуе кемесіне мұз қатуы, ауа райының бұзылуы және екіншісі – адами фактор.
Авторы: Риат Шони