Хабар телеарнасы

Елордада Жаңа жылдың басты нышаны 33 шырша орнатылды

Көше бойларына мерекелік жарық шамдар орнатылып, тақырыптық қалашықтар құрылған. Сондай-ақ елордада Жаңа жылдың басты нышаны 33 шырша орнатылған.

Сонымен мереке күндері уақытты қызықты әрі көңілді күймен қайда өткізуге болады?

Биыл бас қалада мереке күндері демалатын орындар саны көптеп салыныпты. Әкімдіктің мәлімдеуінше, елордада 20-дан астам мұз қалашық салынған.

Мынау – Тұңғыш Президент – Елбасы музейінің жанындағы саябақта орналасқан мұз айдыны. Аумағы – 1 мың шаршы метр. Астанадағы ашық аспан астында орналасқан алып мұз айдыны. Бұл жерде кіші жастағы балалар тегін аттракционда көңіл көтере алса, жасөспірімдер коньки теуіп, шайбы қуалай алады.

Биыл алғаш рет елордалықтар сноуборд тебу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін Nur-Sultan Snowpark деп аталатын арнайы демалыс орны ашылған.

Ерлан Жолдыбаев, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары:

– Үш жылдан бері осы орынды осындай жерге айналдырғымыз келіп жүрген. Былтыр, алдыңғы жылдары халық аз болған. Биыл халықты тарту мақсатында аштық. Snowpark деген олимпиадалық ойындардың бірі. Сондықтан өте көп ұсыныстар түсті.

Риат Шони, тілші:

– Ал триатлон паркта Винтерфелл, яғни әйгілі «Тақтар ойынындағы» қамалдың стилінде қалашық тұрғызылыпты. Ал, мінекей, Дейнеристің айдаһары. Бар қызық осында секілді.

Тақырыпқа сай безендірілген аумақтың салтанатты ашылуына халық көптеп жиналды. Сарыарқаның қақаған қысы шынымен Винтерфелдегі сарышұнақ аяздың ызғарын сездіріп тұрғандай. Ал мерекелік көңіл күй іздеп келген елордалықтар үшін бұны елеп те жатқан жоқ.

БЛИЦ:

– Мне дракон очень понравился и парк ничего мне все нравится пока.

– Мына жер әдемі, күшті екен.

– Мына городок өте жақсы салыныпты.

Бұл жақта адам көп деп қорықсаңыздар, әдемі безендірілген қалашық «ЭКСПО» аумағында да орналасқан. Бұнда Жаңа жылдың басты нышаны 25 метрлік шырша да бар. Жалпы бас қалада 33 қылқанжапырақты безендіріліпті.

БЛИЦ:

– Бүкіл қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтап, отбасыларына жаңа табыс, жақсы көңіл күй тілеймін. Әрдайым жақсы болсын.

– Мынау аязға қарамай, күшті демалуға болады екен. Жақсы ұнап жатыр. Халқымыздың тыныштығын берсін. Жаңа жыл құтты болсын!

Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов және Қанат Әбілдин