Шымкентте 312 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады
Оның 19-ы жабық сайлау учаскесі санатында. Қаладағы әрбір сайлау учаскесінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы арнайы мамандардың бақылауында. Жалпы шаһарда болжам бойынша 617 мыңнан астам сайлаушы дауыс беру орындарына барып өз таңдауын жасайтын болады. Солардың бірі – қала тұрғыны Әзімхан Исабек. Ол №101 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, азаматтық таңдауын білдірді. Арнайы жәшікке бірінші болып бюллетенін салған оған дауыс беру орнынан хакім Абайдың кітабы сыйға берілді. Айта кетейік, сайлау күніне орай Шымкенттегі қоғамдық көліктер тұрғындары тегін тасымалдайтын болады.
Әзімхан Исабек, қала тұрғыны:
- Бұл сайлаудың негізгі басым бағыты еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына тың серпіліс беретініне менің ешқандай күмәнім жоқ. Шымкент қаласындағы №101 сайлау учаскесіне келіп, осы елдің азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым. Абай атамыздың «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелде Тәңір ойлап, мен сүйгенді сүйсең, иең сүйсін» деген сөзіне сүйене отырып, мұның барлығы да, әрине, көптің игілігі, халықтың игілігі үшін.