Халықты баспанамен қамту мәселесі өңірлерде қалай шешіліп жатыр?
Карантинге қарамастан еліміздің барлық дерлік облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.
Сонымен халықты баспанамен қамту мәселесі өңірлерде қалай шешіліп жатыр? Пәтер алудың жолдары қандай?
Ақтау қаласының тұрғыны Айдана Базарханова Жаңа жылда су жаңа пәтерге қол жеткізді. Жалғызбасты ананың да, кішкентай 4 жасар қызының да қуанышында шек жоқ. Енді олардың өз үйлері бар.
Мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Айдана Базарханова пәтерді мемлекеттік «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы алған. Екінші деңгейлі банкке 2 жыл бойы қаржы жинапты. Пәтер кілтін алған ол енді жөндеу жұмыстарына кіріспек.
Айдана Базарханова, Ақтау қаласының тұрғыны:
– Осы екі бөлмелі үйді алып жатырмын. Жалпы шаршы метрі 74 шаршы метрді құрайды. Бағасы 13 миллионға түсті. Айына 93 мың теңгеден төлеймін.
Тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша Маңғыстау облысы соңғы 3 жылда еліміздегі үздік үштік қатарынан көрініп келеді. Былтыр 1 миллион 200 мың шаршы метр үй қолданысқа берілді. Екінші деңгейлі банктер арқылы несие алып, 1282 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Өңірде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту ісі де жүйелі іске асуда. 2020 жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегімен 208 шаңырақ қоныстойын тойлады. Арнайы санаттағы тұрғындарға биыл да 363 пәтер табысталады.
Имаммахмұд Шағырбаев, Маңғыстау облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
– Сонымен қатар Жаңаөзен қаласын кешенді дамытудың жоспары іске асырылып жатыр. 2019 жылы Жаңаөзеннің аз қамтылған 120 отбасы Ақтау қаласына көшірілген болатын. 2020 жылы бұл жұмыс жалғастырылды. 150 пәтер сатып алынды. Қазіргі уақытта үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тағы да 150 отбасы Жаңаөзеннен Ақтауға көшірілетін болады. Биыл 2021 тағы 150 пәтер сатып алынады деп жоспарланып отыр.
Өткен жылды қорытындылаған ел Үкіметі құрылыс саласы экономикалық өсудің негізгі драйвері болып қала беретінін айтты. Құрылыс саласындағы нақты көлем индексі 111,2 процент болды. Өсім барлық өңірде байқалған.
Былтыр елімізде 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 14,5 процентке жоғары. Осы салаға салынған инвестиция көлемі де артқан. 2 триллион теңге құйылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 33 процентке көп. 10106 жалдамалы үй, яғни 565 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілді. Оған республикалық бюджеттен 88 миллиард 500 миллион теңге қаржы бөлінген.
Тұрғын үй алушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Зейнетақы қорының мүмкіндіктерін пайдаланатын болса, баспанаға деген сұраныс биыл тағы өсуі мүмкін. Тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторлары, оның ішінде отандық құрылыс материалдары өндірісінің дамуына жол ашады.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев