Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілді?
Енді олар үш жыл бойы жасаған жұмыстарын қайта өзгертпек. Барлығы былтыр желтоқсанның 10-ы күні Салық кодексіне енгізілген өзгерістерден туындап отыр.
Айта кету керек, бұл өзгеріс үш жылдық мерзімді қамтиды. Яғни 2018 жылғы кодекспен жұмыс істеп келген есепшілер салық төлемдерін қайта есептеулері қажет.
Риат Шони, тілші:
- Салық кодексіне енгізілген өзгерістер есепшілердің түн ұйқысын төрт бөлген секілді. Өйткені Мемлекеттік кірістер комитеті қазынаға артық салық төленіп қойғанын анықтаған. Енді бұл сома қазақстандықтарға қайтарылмақ. Бұл жаңалық бәріне қатысты емес. Артық ақша азаматтық-құқықтық шарт бойынша, яғни штаттан тыс еңбек ететін қызметкерлерден алынған екен. Олардың қатарына кеңесшілер, журналистер, жазушылар, артистер мен өзге де маман иелері кіреді.
Жалпы салық төлеу тәртібіне тоқтала кететін болсақ. Біз мемлекетке 10% жеке табыс салығын, 10% зейнетақы жарналарын және 2% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудару керекпіз.
Ал енді сіздің табатын айлық табысыңыз жүз мың теңге деп алайық. Бұдан 10% зейнетақы жарнасын аламыз, яғни 10 мың теңге, содан кейін 2%, екі мың теңге медициналық сақтандыруға кетеді. Тағы 42 500 теңгені автоматты түрде алып тастаймыз. Өйткені бұл елдегі ең төменгі жалақы. Сондықтан оған ешқандай салық салынбайды. Сонда шыққан сома 45 500 теңге. Енді жеке табыс салығы осы сомадан алынуы тиіс. Ол 4550 теңге. Яғни біз жоғарыда айтылған жүз мың теңгеден жеке табыс салығын төлемеуіміз керек екен. Сонда осы жүйемен есептегенде қолыңызға тиетін айлық 83 450 теңге. Бұл көрсетілген тәртіппен штатта жұмыс істейтін қызметкерлер қазынаға салық аударып келген. Ал штаттан тыс еңбек ететіндер болса, қолдарына 83 450 теңге емес, 78 мың теңге алып отырған. Бұл – енді жүз мың теңгемен келтірілген мысал.
Салық төлемдері екі түрлі болғандықтан, есепшілер мемлекеттік кірістер комитетіне арызданған. Нәтижесінде 2018 жылдан бері артық алынып келген сома кейбір қазақстандыққа қайтарылатын болды. Ол үшін штаттан тыс еңбек ететіндер өздерінің есепшілеріне барып, арыз жазулары қажет. Ал есепшілер болса, 2021 жылдың 31 наурызына дейін үш жылдық мерзімдегі есептерін қайта қарастырып, мемлекеттік кірістер комитетіне тапсырулары тиіс.