Ресей Қазақстан қызанақтарын қабылдаудан бас тартты
Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жасанды кедергі дейді және мәселені шешу үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінбек. Себебі аталған комиссияның міндеті – сауда кедергілерін жойып, тауар, капитал және жұмыс күшінің еркін айналымын шектемей, қалпына келтіру.
Кәсіпкерлер нақты шешімдерді күтеді. Осылай деген Президент өз Үндеуінде сауда-саттықтағы басты кедергілерді біржола жою керек екенін ерекше атап өтті.
Ақтөбедегі бұл жылыжай кешенінде аптасына жүз тонна қызанақ жиналады. Өнімнің 40% ішкі нарыққа арналған болса, қалғаны Ресейге экспортталып келген. Алайда кешелі бері көршілес елдің шекарасы жабылып, қазақстандық тауарды қабылдаудан бас тартты. Олардың айтуынша, жабық кешенде өсірілген қызанақтардан қоңыр қатпарлы вирус анықталыпты.
Эмиль Милушев, жылыжай кешенінің қаржы директоры:
- Біз Екатеринбург қаласындағы ірі тұтынушымызға 15 тонна қызанақ жолдағанбыз. Ресейдің құзырлы органдары фитосанитариялық зерттеу жүргізіп, қоңыр қатпарлы вирус анықтадық деп отыр. Бұл шешімді тексеру үшін сынамаларды Мәскеудегі тәуелсіз зертханаға жолдағымыз келген. Алайда Свердловск облысының федералды қызметтері рұқсат бермеді.
Тауар өндірушілер жылыжай мен қызанақтарды дереу тексеруге кіріскен. Ол үшін тиісті сынамаларды Алматы қаласындағы және Нидерланд еліндегі фитосанитариялық зертханаға жолдайды. Екі сараптаманың да қорытындысы қызанақтардың дерттен дін аман екенін көрсеткен. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері болса: «Бұл жағдайды көршілес елдің тарапынан жасалған кедергі», – деп есептейді.
Ермек Бисен, АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің басқарма басшысы:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі таңда қабылданып отырған шаралардың Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне сәйкес келмейтінін және аталған шаралар заңсыз шектеу болып табылатынын хабарлайды. Сонымен қатар осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссиясына жүгінуге мәжбүр болып отыр.
Бұл жайт одақтас елдер арасындағы нарықта қалыптасқан адал бәсекелестікті жоққа шығарады әрі қазақстандық тауар өндірушілердің шығыны артқан. Қазірдің өзінде Ақтөбедегі жылыжай кешені Свердлов облысына жөнелткен 15 тонна қызанақты жоюға мәжбүр болды.
Эмиль Милушев, жылыжай кешенінің қаржы директоры:
- Бұл мәселе 1 – 2 апта ішінде шешілмесе, жағдайымыз қиындай түседі. Себебі қызанақ – тез бұзылатын өнім. Бірнеше ай сақтай алмаймыз. Саудаға жөнелтпесек, қарызға белшеден бататындығымыз белгілі. Әзірге Ақтөбе облысы мен еліміздің батыс өңіріне жөнелтіп отырмыз. Алайда келесі аптадан бастап қоймаларымыз лық толатын болды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Бұл – жылыжай кешенінің дайын тауарды сұрыптау залы. Дәл осындай жәшіктермен қызанақтар тұтынушыларға жөнелтіледі. Ал негізгі өсімдік өсетін залға бағбандар бізді кіргізбеді. Өйткені фитосанитариялық қауіпсіздік сақталуы тиіс. Дегенмен қызанақтардың жай-күйін осы жерден де бақылауға болады. Ғалымдардың айтуынша, қоңыр қатпарлы вирусқа шалдыққан қызанақтардың жапырақтары солып, түйнектерінің түсі өзгеруі тиіс. Міне кез келген жәшікті алып қарасақ та ондай аурудың белгілері байқалмайды. Яғни бұл жердегі қызанақтар аталмыш дерттен дін аман екендігін айтуға болады.
Ресей тарапы Қазақстан мен Нидерланд елінде жасалған тексеру нәтижесін мойындағылары жоқ. Тауар өндірушілері болса, атқарып отырған ісіне адал болғанына қарамастан тығырыққа тірелді. «Сондықтан Ел Үкіметіне үміт артудан басқа шара жоқ», – дейді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков