Білім саласында олқылық көп
Тіпті ғаламторда тарағандай, кейбір оқушылар, студенттер компьютерді қосып қойып, өз шаруасымен жүре беретінін де көрдік. Бастысы онлайн отырсаң болды дейсіз ғой. Онлайнның олқылығынан бөлек, мына соңғы 10 жылда оқу бағдарламасына тағы 9 пән қосылып, негізгі пәндерге кететін сағаттар қысқарып қалғаны да бар. Соның салдарынан өзге пәннің мұғалімі өзі де тани бермейтін пәндерді оқытып, әлек болды. Қысқасы, мұны Мемлекет басшысы да байқап, Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
-Елімізде «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданып, олардың жалақысы жылдан жылға 25 процентке өсуі арқылы қоғамда ұстаздардың абырой-беделі артып, мәртебесі биіктеп келеді. Дегенмен дәл қазіргі кезде Балқаш ауданы бойынша 17 пән мұғалімінің жетіспеушілігі байқалып отыр.
Жас мамандарды мектепте ұстаздық етуге ынталандырып, шалғай ауылдарға тарту үшін мемлекет тарапынан оларға үлкен қолдау көрсетілгені белгілі. Бұл ұстаздарға деген үлкен құрметтің белгісі болғанымен, реформадан көз ашпаған сала әлі күнге дейін маман тапшылығын тартып отыр. Себебі жас мұғалім мектепке орналасқан соң өз пәні бойынша емес, өзге пәннен сабақ беруге мәжбүр.
Айман Аймұханбет, Балқаш аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Пән мұғалімі ретінде айтарым, қосымша еңбек пәні мен суретті біріктіріп, бір пән жасап қойды ғой. Меніңше суретті бөлек, еңбек пәнін бөлек оқыту керек. Өйткені әр мұғалім еңбек пәнінің мұғалімі ретінде бітіріп, дипломдарын алды ғой. Сол дипломымен өздері жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын.
«Оқу бағдарламасына соңғы он жылда 9 пән енгізілді» деп ел Президенті атап өткендей, оқушылар қазір «Графика», «Кәсіпкерлік» пәндерін бөлек оқып жүр. «Оны негізгі пән ретінде емес, қосымша сабақ ретінде оқытуға болады», – деді Балқаш ауданындағы ұстаздар қауымы. Оқулықтың сапасы мен мазмұнына келер болсақ, көңілді күпті қылатын тұстары аз болмай тұр.
Дидар Әбжанова, тарих пәнінің мұғалімі:
-Оныншы кластың «Қазақстан тарихын» ашып қарасаңыз, енді ішіндегі тарихты география ма деп қаласыз. Көбінесе жаңағы жерде географияға кетіп қалған. Енді сол 10-11-дің тарихын сонша тереңдетпей, мысалы, кішкене балаға ұғынықты болатындай, баланың ойлау жүйесін, ойлау дағдыларын қалыптастыратындай, жүйелі түрде көп ғылыми жағына кетіп қалмай, балаларға бір нақты, түсінікті болатындай етіп жазылса деймін.
Себебі жоғары сыныптың тарихы өткенді қайталауға, балаларды ғылыми зерттеулерге қызықтыруға құрылған. Тарихи оқиғалар тізбегі әлемде немесе белгілі бір елде бір-бірімен тең келіп, параллель жүріп отырады. «Қазақстанның тарихы – ұлттың тарихы. Ал «Дүние жүзі тарихы» бөлек пән», – деп есептейді мектеп мұғалімдері.
Дидар Әбжанова, тарих пәнінің мұғалімі:
-Бұл енді Дүние жүзінің тарихы ғой. Бұл енді кең көлемде жазылатын тарих. Оны енді «Қазақстан тарихымен» екеуін біріктіріп, бір кітап қылып шығару дегенге өз басым тарихшы ретінде қарсымын. Себебі біздің ұлттық тарихымыз – қазақтың тарихы. Ол өзінше жеке оқулық болып қалу керек.
2016 жылы «Әліппе» оқу бағдарламасынан алынып, оның орнына «Сауат ашу» оқулығы енгізілді. Көзін «Әліппемен» ашқан алдыңғы буын бұл өзгеріске тосырқай қарап, келер ұрпақтың келешегіне алаңдағаны күні кеше ғана еді.
Бану Тәжіқұлова, бастауыш сынып мұғалімі:
-Міне, алдағы оқу жылдарында осы Әліппе оқулығымыздың қайтып оралуына бастауыш сынып мұғалімдері және өзіміздің оқушыларымыз өте қуанышты. Әліппе оқулығы мен Сауат ашу оқулығында кереметтей алшақтық болған жоқ. Бірақ біздің балаларымызға енді Сауат ашуда қиындықтар туғызған мәселелер болды.
«Жазуы дамымаған ұлттың болашағы қатерлі», – деп Қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсыновтың өзі айтқандай, «Әліппенің» оқушылармен қайта қауышуын қоғам жылы қабылдады. Біздің еліміз үшін білім саласын ит тартқан тулақтай қылуды қойып, бір ізге түсіретін уақыт әлдеқашан жетті. Өйткені білім беру – тәжірибе алаңы, ал оқушылар эксперимент жасай беретін жәндік емес...
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов