ШҚО ауыл тұрғындары табыс көзінен айырылуы мүмкін
Айта кеткен жөн, осы Ұлан ауданы Жаңа Қанай ауылындағы бұл орталықта негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Тіпті кейбір отбасынан үш адам осы жердің қызметкері екен.
Жаңа Қанай – шағын болса да, малы мен жаны өскен ауыл. Мыңға жуық тұрғынның бәрі қорасында мал ұстап, бірқатары денсаулық орталығында еңбек етеді. Соңғы екі жылдан бері медициналық мекемедегі бөлімшелер біртінтеп қысқартыла бастады. Биыл қаңтар айының аяғында осы орталықтағы наркология бөлімі жабылып, бір жолда 23 маман бірден қысқартуға түскен. Ал басқа бөлімдегі мамандардың жалақысы қысқарған.
Валентина Милькеевич, Жаңа Қанай ауылының тұрғыны:
- Бәрімізден 0,25 мөлшерлемесін алып тастады. Енді біз 50 мыңға күн көріп отырмыз. Кәмелетке толмаған балам бар. Ол енді көктемде оқуға барады. Мен оны 55 мыңға қалай оқытамын?
Ақмарал Тоқтағанова, Жаңа Қанай ауылының тұрғыны:
- Енді биылғы жылы ақпанның 20-сынан бастап жұмыссыз қалып отырмын. Күйеуім де бірнеше жыл бұрын қысқартуға түскен. Ол кісі қазір жан-жаққа жұмысқа кетеді. Бір жерге барып жұмыс істейін десем, бәрібір үйден кету керек. Басқа жақта үйің болу керек. Қалада үй жоқ. Қайда барамын?
Қайда барарын білмей отырған мамандар мекемедегі басқа бөлімшелердің де жабылмауын сұрап отыр. Ал бұған дейін қысқартуға түскен 23 қызметкердің бірқатары әлі жұмыссыз жүр.
Ләзиза Кенжетаева, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда сол тоғыз адамның алтауы құс фабрикасына барып жұмыс істейтін болып, жолдамасын алды. Әрбіреуімен кездесті. Қалған адамдарын еңбек өтіліне, өз жағдайларына қарап, басқа бөлімшелеріне жұмысқа орналастырды.
Жұмысқа орналыстырылғанмен, олар да ұзаққа бармайтын сияқты. Себебі 1940 жылдары салынған орталықтың ғимараты қазір қаусап тұр. Сондықтан болашақта біржола жабылуы мүмкін. Жалпы жабық карантиндік ережеде жұмыс істейтін мекемеде бүгінде 130-дан аса науқас бар.
Мерхат Мұқышев, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:
- Бір өкініштісі, аурухананың жағдайы техникалық және санитарлық талапқа мүлде сай келмейді. Бұл мәселе бұрын да қозғалып, жаңа ғимарат салу үшін жоба да жасалған. Бірақ республикалық бюджет комисссиясы жаңа орталық салу туралы ұсынысты қолдаған жоқ.
Ұсыныстың қолдау таппағынын орталық директоры науқастардың саны жыл санап азайып келе жатқынымен байланыстырады. Ал ескі аурухана біржола жабылып қалса, ауыл тұрғындарына алыстан жұмыс іздеуге тура келеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин