Салық Зимановтың туғанына 100 жыл
Осыған орай Мемлекет басшысы өзінің Тwitter-парақшасында көрнекті ғалымның егемен еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға және заң саласын дамытуға зор үлес қосқаны туралы жазды.
Ал осы айтулы күні Еуразия ұлттық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тау тұлғаның құрметіне ұйымдастырылған шараның шымылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен түрілді. Президенттің айтуынша, заңғар ғалымның мерейтойы тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен оның ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.
Салық Зиманов Атырау қаласында туған. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Заңгер ғалым Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасын дайындады. Жаңа Конституция авторларының бірі ретінде тарихқа енді. Қазақтың ата заңдарын он томдық еңбек етіп басып шығарды. Ғасырға жуық жасаған заңғар Салық Зимановтың артында 500-ден астам ғылыми еңбек пен монография қалды. Қазір еліміздің білім беру мекемелері ғалымның есімі ұмытылмас үшін осы мол мұраны өскелең ұрпаққа жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр.