Қарағанды облысында мұғалімдерді жаппай вакциналау басталып кетті
Мектеп ұстазы Гүлшат Бағрамова – вакцина алуға алғашқы болып келгендердің бірі. Өткен жазда қатты сырқаттанып, ұзақ уақыт сауыққан. Енді індетті қайта жұқтырмас үшін осындай шешім қабылдапты.
Гүлшат Бағрамова, Н. Әбдіров атындағы мектептің директоры:
- Көңіл-күйім де, вакцинадан кейінгі жағдайым да жақсы. Ешқандай өзгеріс байқаған жоқпын. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін әр мұғалім жауапты. Сондықтан вакцина алуды өзімнің азаматтық міндетім және борышым деп санаймын.
Қазіргі күні Қарағанды облысында 30 мыңға тарта ұстаз бар. Соның 6 мыңнан астамы екпе алуға өз еркімен келіскен. Тіркеу әлі де жалғасып жатыр. Бірінші кезекте дәстүрлі жұмыс форматына ауысқан мұғалімдер егілмек, содан кейін ғана қашықтан сабақ беретін ұстаздарға салынады.
Бақытгүл Әдекенова, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Штаттық режимге көшкен мұғалімдер вакцинациядан өту керек деп ойлаймын. Себебі бізге ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір індеттің қарқыны бәсеңдеген. Мәселен, өткен жазда жұрт жаппай ауырса, қаңтар мен ақпан айында коронавирус тек сегіз мұғалімде тіркелген. Дегенмен босаңсуға болмайды. Вакциналау науқаны жоспарға сай жүреді. Қазір емханаларға екпенің 7 мың дозасы жеткізілген.
Бибігүл Төлегенова, Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы:
- Қазіргі уақытта вакцина жеткілікті. Енді Қазақстанның вакцинасын күтіп отырмыз. Ол қазір үшінші фазадан өтіп жатыр. Содан өткен соң, өз елімізде шығарылған вакцинаны қолданамыз.
Айта кету керек, мұғалімдермен бірге дәрігерлерді де вакциналау жұмыстары жалғасады. Осы күнге дейін 9 мың медицина қызметкерінің 1442-сі егілген. Қазір ірі қалалардағы емханаларда 115 екпе кабинеті бар. Олардың әрқайсы тәулігіне 60 адамды қабылдай алады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин