Алысқа бармай екпе алуға болады
Тұрғындар арасында коронавирусқа қарсы екпе алғандар санын көбейту үшін қосымша кабинеттер ашылмақ. «Олар қаладағы адам көп шоғырланатын сауда орталықтары мен базарларда болады», - дейді мамандар. Бірақ бастаманың қашан жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз.
Садуақас Байғабылов, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бұл мәселе қазір зерттеліп жатыр. Сауда орындары мен базарлардың инженерлік желілері тексеріледі. Одан кейін үш бөлмеден тұратын екпе кабинеттері жасақталады. Яғни адамды екпе алдында тексеру, екпе жасау, екпеден кейінгі бақылау кабинеті болуы керек. Оған қоса вакцинаны сақтайтын мұздатқыштар да қарастырылады.
Вакцинаны емханада ғана қабылдап үйренген тұрғындардың көбі бұған қарсы. Өйткені аса жұқпалы аурудың алдын алатын екпе санитарлық тазалығы талапқа сай жерде жасалғаны жөн. «Екпеден кейін дәрігердің бақылауы да маңызды», – дейді тұрғындар.
Қаланың санитар мамандары: «Базар мен сауда орталықтарындағы екпе кабинеттері барлық талапқа сай жасақталады», – деп отыр. Бүгінге дейін екпе жұмыстарының алғашқы үш кезеңінде 15 695 адамға вакцина егілген.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев