«Хабар» көтерген мәселе: едені сөгілген тұрғын үйге жөндеу жүргізілмек
Естеріңізде болса, қаңтарда Жаңөзенде төрт қабатты тұрғын үйдің едені сынып, жертөлеге түсіп кеткенін арнамыздан көрсеткен едік. Нәтижесінде арнайы комиссия құрылып, бүлінген баспананы қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Осы қыста 1-шағын аудандағы 19-үйдің едені түн ішінде ойылып, жертөлеге түсіп кеткен еді. Бұған қоса қабырғасы жарылып, балкондары ажырай бастаған. Төзімі таусылған 300-дей тұрғын сол күні-ақ туған-туысын жағалап кетті. Гүлшара Назарүмбетованың осы үйде тұрып жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт болыпты. Оның айтуынша, бүгінге дейін баспанаға күрделі жөндеу жасалмаған. Өзгелер секілді өткен бағасына сатып, көшіп кетейін десе, әкеден қалған қарашаңырақты қимайды.
Гүлшара Назарүмбетова, қала тұрғыны:
- Түнгі мезгілде бетон еден түсіп кетіп, содан үй дірілдеп, зәреміз кетті. Далаға атып шықтық. Қорқып көшіп кеткен адамдар да болды. Соның бірі – өзім. Баламның үйіне кетіп қалдым. Қорқынышымыз сейілгенде жайлап келдік.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бұл үйдің қазір жертөлесі тазаланып, ондағы жылу, ауыз су және тоқ желілері ауыстырылды. Сондай-ақ ғимараттың төбесі қайта жаңартылды. Әр қабат дәл осындай темір ұстындармен тірелген. Құрылысшылардың айтуынша, мұндай технология ескі үйдің өмірін 50 жылға ұзартады.
Бұл баспана 52 жыл бұрын салынған. 2019 жылы Жаңаөзендегі тозығы жеткен үйлерді жөндеу жұмыстарына 252 млн теңге бөлінді. Үш көпқабатты баспана толықтай жаңартылады.
Сүйіндік Мұхамедов, Жаңаөзен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Сыртқы қасбеті, сатылары бекітілді. Төбесі түгелдей жабылды. Осыған 62 млн ақша бөлінді. Жұмыстың біту мерзімі – 31 мамыр.
Жаңаөзенде бас-аяғы 262 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 52-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Әзірге тек 27 баспанаға техникалық сараптама жасалып, құжаттама әзірленіпті.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев