СҚО-да екпе егу пунктері жетіспей жатыр
Қазір емханаларда ұзынсонар кезек қалыптасқан. Ал ерікті түрде вакцина алуға келгендердің дені – егде жастағылар.
Валентина Волкодавова бірнеше сағат бойы кезегін күтіп тұр. Ине салдырмақ түгілі осы уақыт аралығында терапевтің қабылдауына да кіре алмаған.
Валентина Волкодавова, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Жұмыс барысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Келіп жатқан азаматтар көп. Емханадан хабарласып, бәрімізді бір уақытқа шақыртқан екен. Енді дәрігерлер үлгере алмай жатыр. Оның үстіне кабинетті кварцтауға жауып тастады.
Медициналық мекемеде карантин талаптары өрескел бұзылғанын айқын аңғаруға болады. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап жатқан ешкім жоқ. Шағын ғана дәлізде 50-ден астам азамат тұр.
Светлана Кашенцева, №1 емхананың бас дәрігері:
- Кеше шақыртылған 60 адам келмеді. Бүгін керісінше көп. Салдарынан осындай жағдай тіркелді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Түсірілім кезінде емхана басшылығы тұрғындарды вакцина таусылды деп үйлеріне қайтарып жіберді. Дегенмен де мұндай ұзынсонар кезек алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Өйткені бүгін кеткен азаматтар ертең мұнда тағы да келетіндері хақ.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл мәселеден хабардар. «Түйткіл көп ұзамай шешімін табады», – деп сендірді.
Гүлнәр Қалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Алдағы уақытта екпе пунктерінің санын арттыруды көздеп отырмыз. Себебі ауылды жерде болсын, облыс орталығында болсын «Спутник-V» вакцинасын алам дегендердің қатары көбейіп отыр. Қосымша екпе егу пунктері қоғамдық орындарда ашылуы мүмкін. Бұл тәжірбие қазіргі кезде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жүргізіліп жатыр.
Жалпы бүгінгі күні өңірде 14 мыңнан астам адам екпенің алғашқы компонентін алып үлгерсе, үш мың азамат екінші бөлігін салдырған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев