«Жасыл Алматы» бағдарламасы бойынша Алматы саябақтары мен аулалары абаттандырылмақ
Әл-Фараби мен Достық даңғылдарының келбеті өзгеріп, Үлкен Алматы өзенінің жағалауы жақсара түспек.
Алматының ажарын кіргізетін өзге де жобалар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн басқосуда таныстырылды.
Екі жыл бұрын қабылданған «Жасыл Алматы» бағдарламасы қаланы жасыл желекке орап, демалыс пен серуенге қолайлы аудандарды көбейтуді көздейді. Бұл бағытта атқарылар жұмыс ауқымды. Үлкен Алматы арнасы толық жөндеуден өткізіледі. Оқушылар сарайының ғимараты бастапқы қалпын сақтай отырып жөнделіп, айналасы абаттандырылады. Ал Мемлекеттік мұражай айналасындағы жөндеу жұмыстарынан кейін әзірге жұмыс істемей тұрған субырқақ іске қосылады. Әрбір жоба алматылықтардың қалауын ескере отырып әзірленген.
Әділ Әжиев, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы:
- Менің ойымша, көтеріліп отырған бұл бастама өте орынды. Қаланы көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу тұрғындарға жайлылық сыйлайды деп санаймын. Қабылданған әр шешім алдымен тұрғындардың ой-тілегінен шығады. Кейіннен оның барлығы халықаралық ұйымдар тәжірибесімен салыстырлып отырады.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент саябағы мен Сайран көлінің арасын жалғайтын жасыл желекті аллея жасау көзделген. Мамандардың пікірінше, бұл жермен бір уақытта 10-15 мың адам серуендей алады.
Тимур Елеусізов, эколог:
- Әрине, қаланы көгалдандыру мен аббаттандыруға бағытталған бастаманы құптаймыз. Жаяу соқпақтар мен саябақтардың саны артып, ағаштардың көбейетіні қуантады. Дегенмен олар жақсы өсу үшін жер керек. Соны ескерген жөн. Тұрғындардың пікіріне құлақ түру қажет. Экологияға зиын келмеуін де ойлау керек.
Қалада көгалдандыру және табиғи ландшафтты сақтау үшін 120 гектар жер берілді, бұл қала тұрғындары үшін жайлы орта құруға мүмкіндік береді. Қала басшысының айтуынша, 9 жаңа саябақ құру және үш жылда миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов