Дала академигі атанып кеткен Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл
Алматыда «Малшылардың маршалы» атанып кеткен Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты.
Онлайн конференцияда әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаевтың еңбегі айтылып, мал шаруашылығының бүгіні мен келешегі талқыланды.
Дала академигі атанып кеткен Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл. Марқұм көзі тірісінде мал шаруашылығын дамытып, оның ішінде қой өсіруді шопандық деңгейден ғылыми биікке көтерген. Қаракөл қойын өсіріп, 100 саулықтан 140 қозы алып, әр қойдан 4 келіден жүн қырыққан. Екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың ерлігін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербев ерекше атап өтті.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Ұлы Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішінен қулық сақтап, өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін әрбір отандасымыз жадында ұстаса деймін. Себебі масылдық бір ғана адамның мәселесі емес, керісінше бұл тұтас мемлекет үшін үлкен проблема. Сондықтан әрбір азамат өзінің ақылына сүйеніп, еңбегіне сеніп өмір сүрсе, онда барша Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне жол ашылады. Ал бұл жолда еңбектің пайғамбары, қара жұмыстың қаһарманы Жазылбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі ұлт идеологиясының бір бөлігіне айналса құба-құп. Өйткені оның жүріп өткен жолы мен еңбегі елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі.
Атақты шопан көзі тірісінде өзі туған Мойынқұм ауданын Кеңес Одағына танымал еткен. Өйткені аудандағы 11 совхоздың тоғызы қой өсіруге бағытталған. «Жазылбек Қуанышбаевтың игі істері тек өндірісте ғана емес, ғылымда да жалғасын тапты», – дейді сала мамандары.
Төлеухан Садықұлов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Ол кісінің малды бағу технологиясы, малды күтіп-бағу, оның өнімдерін арттыру технологиясы біздің Қазақстанның қой шаруашылығына әсерін тигізді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан тоқсаныншы жылдары дүниежүзіндегі қой өсіруші мемлекеттердің бірі болып саналды. Бізде сол кезде малдың саны жағынан 7-8 орын алдық. ТМД мемлекеттері бойынша екінші орынға табан тіредік.
Онлайн конференцияға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан ғалымдары да қатысты. Кезінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында да еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге ерекше мән берілген еді. Көнекөз қарияларымыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп бекер айтпаған.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Әлемдік өркениеттің барлық құныдылықтары экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбектің қойылуы өте орынды. Ата-бабаларымыздың көсегесі еңбекпен көгеретінін, еңбек арқылы ғана ұшпаққа шығуға болатынын ұрпағына аманат ретінде айтып кеткені белгілі.
Статистика бойынша былтыр елімізде 172 мың тоннадан астам қой еті мен 35 мың тонна жүн өндірілген. Еңбек пен ғылымды ұштастырсақ, бұдан да көп өнім алуға болады. Ғалымдардың пікірінше, еліміздің географиялық орналасуы – төрт түлік малдың қайсысын өсірсек те қолайлы.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев