Бақытжан Байболатқызы «АЛЖИР» түрмесінде дүниеге келгенін 70 жыл бойы құпия сақтап келген
Шаңырақтың отанасы Бақытжан Байболатқызы өзінің Елорда маңындағы «Алжир» түрмесінде дүниеге келгенін осынша уақыт бойы жасырып келіпті. Тек өмірден өтерінің алдында ғана балалары мен жолдасына айтып кеткен екен. Оның анасы Ләтипа зобалаң жылдары «Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне» деген азап лагерінің тұтқыны болған екен.
100 жылдық тарихы бар сандық ғасырға жүк болар сырды сақтап жатыр. Бұл – Едіге Жүнісовтың жары Бақытжанның дүниесі. Бақытжан Байболатқызының өмірден өткеніне он үш жылдан асып барады. Оның тағдырдан көрген теперішін Туу туралы куәлігіндегі «26 нүкте» деген сөзден-ақ аңғаруға болады. Бұл Қаралы Қарлагтың 26-шы нүктесі саналған «АЛЖИР» түрмесі болатын.
Едіге Жүнісов, «Қызылсуат» ауылының тұрғыны:
- Үйлендік, құжат алдық. Келгеннен кейін мен сұрадым: мына «26» не деп? Сол кезде ол маған: « Ол туралы кейін айтамын. Қазір айтуға болмайды. Енді менен сұрама», – деді.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұл – біздің кейіпкердің кіндік қаны тамған жер. Қуғын-сүргін жылдарында оның анасы «Халық жауы» деген жаламен дәл осы жерде орналасқан «АЛЖИР» түрмесіне жабылады. АЛЖИРдің аумағында мынау секілді 20-дан аса барақ болған. Қазір олардың тек біреуі ғана сақталған. Қабырғасы тастан қаланған осы барақтарда «Отанын сатқан опасыздардың отбасы мүшелері» деген жаламен 18 мыңдай әйел отырды.
Бақытжан Байболатқызының анасы Ләтипа солардың бірі еді. Күйеуі соғысқа кеткен келіншекті өзіне қарата алмаған аудандық судья бір-ақ күнде ұры атандырып, 9 жылға соттатып жібереді.
Бүркітбай Аяғанов, Мемлекет тарихы институтының директоры:
- «Әйел адамды қамау» деген адамзат тарихында болмаған жағдай. Тіпті фашистік Германияда болмаған. Тек сталиндік заманда совет елінде ұялмай, әйелдерді қамай берген. Мысалы, «дүкенде нан жетіспейді» деген сөзінің өзі антисоветтік үгіт деп саналған немесе Сталиннің атын, тегін дұрыс жазбаған адам сотталады.
Азап лагеріне түскен соң да әйелдердің басынан бұлт арыла қоймады. Сол жердегі офицерлердің қорлығына тап болады. Қаралы жылдары лагерь қабырғасында зорлық-зомбылықтың арқасында 1500-дей бала дүниеге келіпті. Ал Бақытжан Байболатқызының анасы осындай сырт көздің сұғынан сақтану үшін түрмеде өзімен бірге отырған азаматтың етегінен ұстауға мәжбүр болады.
Едіге Жүнісов, «Қызылсуат» ауылының тұрғыны:
- Бұлар 1945 жылы отырған. Бір жылдан кейін менің қайын атаммен сөз байласқан. Сосын неке қиып, кішкентайлы болған.
«АЛЖИР» лагерінде аналар қандай азап көрсе, балалар одан екі есе қиындық көрді.
Гүлнұр Төлепбергенова, «АЛЖИР» мұражайының қызметкері:
- Мысалы, Тұрар Рысқұловтың қызы Ританың естелігінде айтады: «Аш болғанымыз соншалықты, өлген тышқанды жеген кезіміз болды».
АЛЖИР тұтқындарының арасындағы ең көбі орыстар, еврей мен украиндер болды. Поляк, неміс, грузин ұлтының да 100-ден аса әйелі жатты. АЛЖИР азабын тартқандардың арасында 87 қазақ әйелі бар. Лагердегі ең ауыр жұмыс солардың мойнында болды. Қарсы шыққандары қатаң жазаланып отырды.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Лагерь жендеттері әйелдерді жазалаудың миғаткірмейтін тәсілдерін ойлап тапты. Мысалы, 6-7 сағат бойы дәл осылай аяғын жерге тигізбей отырғызып қоятын болған. Сағаттап отырған соң, аяғы әбден ісініп, жансызданған әйелдер орнынан тұрғанда жүруге шамасы келмей, шетінен жерге құлаған.
Президент тапсырмасымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қазір осы жандарды ақтау мақсатымен 11 бағыт бойынша жұмысын бастап кетті.
Данагүл Махат, «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының директоры:
- Біздің мақсатымыз – саясиландырмай, тек қана ақиқат құжаттар негізінде өткен тарихтың ақиқат беттерін ашып беру.
Сұрапыл жылдардан бүгінге дейін жеткен «АЛЖИР» туралы аңызға бергісіз әңгіме бар. Жер аударылып келген бейбақтардың жанын аман сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар өз аузынан жырып, айран, сүтін, қаймақ, құртын беріп отырған екен. Сол тарихтың тірі куәгерлері әлі күнге дейін: «Бізді қазақтың құрты қасіреттен құтқарды», – деп айтып отырады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Тоқтар Терлікбаев