ЭКСКЛЮЗИВ: шетел асып, көз жұмған қазақстандықтардың ісі тергеліп жатыр ма?
Кейбір мәліметтер бойынша, Әсел адам саудасының құрбаны болған. Грузиядағы осы жағдай өткенді еске түсіргендей болды. Өзге елге кетіп жатқан жастар көп, бірақ солардың бәрі бірдей өсіп-өніп жатқан жоқ.
Себебі алысқа арманмен кетіп, туған топыраққа сүйегі жеткізіліп жатқандар бар. Артынан шу көтеріп, іс қозғап, кінә мен күнәнің кімнен екенін анықтау басталады. Қазақстандық жастар шетте шектен шыға ма әлде басқалар басына ма?
Үш жыл өтсе де, Мәскеуде көз жұмған Томирис Байсафаның анасы соттан әділдік іздеп жүр.
Түйіні табылар емес. Бірақ Жанна Ахметова сүйікті қызының өзіне қол салды дегенмен мүлдем келіспейді.
Жанна Ахметова, Т. Байсафаның анасы:
- Үш жылда көп жұмыс атқарылды. Себебі мен қозғалмасам, істі суицид деп жылы жаба салар еді. Мен оған түбегейлі қарсымын. Өйткені өз баламның мінез-құлқын, өмір сүру қағидасын, ойлау жүйесін жатқа білемін. Түптеп келгенде, бұл – менің баламның ары, отбасымның абыройы. Оған мен жауаптымын. Жақындарым: «Жанна, тағдырдың салғанына көн, болған оқиғаны ұмытуға тырыс», - дейді. Бірақ мен шындықтың түбіне жетпей тынбаймын.
Дәл осы секілді Гүржі еліне кетіп, қайта оралмаған Әсел Айтпаева туралы да талай әңгіме айтылып жатыр. Әлеуметтік желідегі қос суретке қатысты қазақстандықтардың жазған ойынан жаңыласың. Бірі қазаға қайғырып көңіл айтса, енді бірі кеңес береді.
Ал танымал психолог Ержан Мырзабаев: «Мәселе менталитетте болуы мүмкін», - деп топшылайды.
Ержан Мырзабаев, отбасылық психолог:
- Мысалы, қыз бала Қазақстандағы бір жігітпен сөйлесіп жатқан секілді, сөйлесіп жатырмын деп ойлайды. Ал бұл жерде қазақ жігітімен айтқан әңгімеңіз бен қазақ жігітінен күткен нәрселеріңізді шетелдегі ер-азаматтан күте алмайсыз. Ол сізді басқаша түсініп, соған қарай сіз күтпеген реакция жасауы мүмкін. Өйткені менталитет басқа, түсінік әртүрлі.
Өз отбасынан бөлек, шетке шыққан әрбір қазақстандықтың амандығын тілеп отыратындардың бірі – Сыртқы істер министрлігі. Министрліктің ресми өкілі – Айбек Смадияров қазақстандықтардың салғырттығын айтады. «Консулдық тіркеуден өтетіні кем де кем. Ал аяқ астынан бас жарылып, жаға жыртылса, «қорғамайсыңдар» деп кінә артады», - дейді.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Халықаралық құқыққа негізделсек, біздің дипломаттар қылмыстық іске кірісе алмайды. Оларға зардап шеккендердің ресми өкілі болатындай құқық берілмеген. Тек консулдық көмек көрсете алады. Мысалы, жақсы заңгер тауып беру немесе тергеушімен сөйлесу, арақатынас орнату, сол елдің заңнамасын түсіндіріп беру. Әр елдің салты басқа. Сондықтан біраз қиындық туады. Оны біздің азаматтар «неге созылып кетті» деп, түсінбей жатады.
Ғалымжан Қараманұлы, «Хабар» Агенттігінің Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі:
- Менің жекеме жазушылар өте көп. Олар осы жақтың өміріне, жалақысына қызығып жатады. Бірақ жақсы жақтары мен кемшін тұстарын есептей келе, мен өз басым тіл білмесем, бұл жақтың салт-дәстүрін, мәдениетін білмесем, бұл жаққа келуге қорқар едім.
«Хабар» Агенттігінің Ұлыбританиядағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлының әлеуметтік желідегі парақшасына 38 мыңға жуық адам тіркелген. Басым бөлігі – қазақстандық жастар. Шетке шыққысы келеді, әркімнің өз себебі бар.
Ғалымжан Қараманұлы, «Хабар» Агенттігінің Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі:
- Кез келген елге келмес бұрын алдын ала зерттеп-зерделеп, ең болмағанда, бұл жақта танысы болмаса да, тәуекелге салып келетін қазақтар өте көп. Әрине, бұл әлеуметтік жағдайға да келіп тіреледі, өйткені мына жақта бір күнде 50 мың теңге тапса, Қазақстанда кішкентай қалаларда оны бір айда табуы мүмкін.
Білім, табыс, мансап. Кетіп жатыр. Оларға «қой» деп тыйым сала алмайсың. «Тек шекара асқан азаматтарымыз шектен шықпаса екен», - дейді мамандар. Өйткені қазір өзге елдің түрмелерінде 900-ден астам отандасымыз жазасын өтеп жатыр.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Қазақстандықтар шетелде жүргендіктен, жергілікті заңдарды білмей, кейде сол заңды бұзып жатады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан шет елге шығар алдында барлығына айтарымыз, сол елдің заңын, салт-дәстүрін зерттеп шығу керек.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Олар өзге елге өсу үшін, өну үшін кетті. Бірақ өлу үшін емес. Осылайша, талай тағдыр туған елге табытпен оралып жатыр. Кетем деген жасқа тұсау жоқ. Тек олар бір нәрсені анық ұғынса дейсің. Әр биіктіктің өз формуласы болатыны секілді, өмірдің де өз ережесі бар. Оны күрт үзуге өзгенің де, өзіңнің де еш хақың жоқ.