Ақмола облысында тұрмыстық қалдық төгетін полигон мәселесі шешілер емес
Ал қалғандарының қызметі заңсыз. Зеренді мен Бурабай курортты аймақтарында да қоқыс төгетін ресми орын жоқ. Экологтардың жүргізген былтырғы тексеріс нәтижесіне сүйенсек, Бурабай ауданының аумағында заңсыз қоқыс төгілген 100-ге жуық орын анықталған. Ал облыс бойынша ондай жерлер 1 жарым мыңнан асады. «Мұның барлығы полигонның жоқтығынан», – дейді, мамандар. Ал табиғат жанашырларының айтуынша, ашық жатқан күл-қоқыстың қоршаған ортаға залалы зор.
Әбілжан Хусаинов, «Эко-Көкше» ҚБ төрағасы:
- Қалдықтар ыдырағанда ауаға зиянды газдар шығады. Ол енді ауаны ластандырады. Екіншіден, осы тұрмыстық қалдықтардың ішінен топыраққа улы заттар түседі. Үшіншіден, жерасты суы ластанады. Жерасты суы мына көл, өзендердің ластануына әкеп соғады.
Экология департаментінің мәліметінше, олардың араласуымен жоғарыда айтылған 1 жарым мыңнан астам заңсыз полигонның жартысы жойылған. Қалғандары бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал табиғаты көркем Зеренді ауданында 40-тан астам жерде заңсыз күл-қоқыс төгілгені анықталған. «Олардың 10 шақтысын тазаладық», – дейді, аудан әкімі.
Әсен Жақсылықов, Зеренді ауданының әкімі:
- Бүгінгі таңда біз аудан орталығындағы полигонды заңдастыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жобалық сметалық құжаттар дайындалуда. Оның аясында 3 млрд теңгеге жаңа полигон салынады. Жоспар бойынша ол 2022 жылы іске қосылады. Одан бөлек қазір ашық жатқан қоқыс төгетін жерді 10 млн теңгеге бетон қабырғамен қоршаймыз.
«Бурабайда да алдағы жылдары аумағы 30 гектар жаңа полигон салынады», – дейді жауаптылар. Бірақ енді облыс орталығы Көкшетауда заңсыз қоқыс төгілген жерлер көбеюі мүмкін. Себебі қала іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонының рұқсат мерзімі өткен жылдың соңында аяқталды. Заң бойынша қазір ол жабық. Алайда коммуналдық мекеме қоқысты 2016 жылы жабылған ескі полигонға тасып жатыр. Мұны олар басқа амалдың жоқтығымен түсіндіреді.
Нұрбек Хамитов, мемлекеттік экологиялық инспектор:
- Экология департаменті заңсыз қоқыс тасыған серіктестікке қатысты тексерісті бастады. Ал Красный Яр жақтағы полигонды иелері қайта қалпына келтірулері қажет. Оларға қанша жылда бұл жерді жабу керектігі айтылған.
«Көкшетауда да жаңа полигон салу жоспарланған. Қазір оның құжаттары рәсімделуде», – дейді жергілікті билік өкілдері. Ал қоғам белсенділерінің айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдемей, күл-қоқыс мәселесінен құтылу мүмкін емес. Себебі арнайы полигон салынған күннің өзінде оның мерзімі ары кетсе 10 жылдан кейін бітеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный