Алматыда бетон зауытындағы жарылыстан тұрғындар тұншықты
Кейіннен онда цемент құятын шлангтың жарылғаны анықталды. Экологтар оқиға болған жерде шаң белгіленген көрсеткіштен 3 есе жоғары екенін тіркеген. Айта кетейік, біз бұған дейін де цемент шаңынан көз ашпай отырған Жетісу ауданы тұрғындарының арызы ескерілмей келе жатқандығын бірнеше рет көтерген болатынбыз.
Аққу Байеділова, қала тұрғыны:
- Осы аулада бала-шағамызбен қыдырып ойнап жүрген кезде «Цементте» бір дүркін жарылыс болған секілді болды. Үлкен шаңмен дауыл сияқты болды. Ол шаңнан балалар қорқып, бәріміз қаштық. Тынысымыз тарылып, ауа жетпей қалды.
Марина Черных, қала тұрғыны:
- Мен басында өрт болып жатыр екен деп ойладым. Кейін айналамызды шаң басып қалды. Шаң болғанда цемент қой кәдімгі. Осыны бүгін ғана емес 8 жылдан бері жұтып келеміз. Денсаулығымыз құрыды. Осындағылардың екінің бірінің тыныс алу жүйесі ауырады.
Жарылыс кеше кешкі сағат 20:00 шамасында болған. Тұрғындар айтқандай, сол маңда ойнап жүргендердің барлығы шаңның астында қалған. Себебі бетон зауыты тұрғын үйлердің дәл іргесінде орналасқан. Арасы бар болғаны 20 метрден сәл асады. Зауытты жабу мәселесін ондағы жұртшылық 8 жылдан бері тынбай көтеріп келеді. Қанша шағымданса да, бұл жайт шешімін таппаған. Кәсіпорын болса тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Басшылығы барлық құжаттарының заңды екенін айтады. «Ал жарылыс шлангтың істен шығуынан болды. Бәрін қалпына келтірдік», – деумен шектелді.
Мұрат Нұрдәулетов, Цемент зауытының аға инженері:
- 15 минуттың арасында бәрін реттедік. Біірақ аспанға ұшқан шаң 20 минуттай көрініп тұрды. Ондай істер өндірісте болады. Жаңағы Цемент зауытының шлангасын бүкіл жерде қолданады. Ол «Жоғары қысымды шланг» деп аталады. Соның бәрін ауыстырып, жөндеп қойдық. Енді бұдан былай ондай қайталанбайды деп ойлаймын.
Тұрғындар зауытты көшіруді талап етіп отыр. Ал санитарлық-эпидемиологиялық департамент: «Нұртау Темір» серіктестігінің жұмысы талапқа сай. Кәсіпорын эпидемиологиялық қауіптілігі жағынан үшінші сыныпқа жатады. Бұл жағдайда санитарлық аумақ 20 метр болса да жеткілікті», – дейді. Ал экологтар болса, заң бұзушылықтың бар екенін жасырмайды. Енді қайта тексеру шараларын қолға алмақ.
Марат Сақтағанов, қалалық Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Сол оқиға орнында біз сынамалар жүргіздік, атмосфералық ауадан сынамалар нәтижесіне сәйкес атмосфералық ауадағы шаңның шекті рұқсат етілген жерінен 3 есе асқандығы анықталды. Енді осы департамент тарапынан видеоарызға сәйкес бүгін департаментке ресми арыз-шағым келіп түсті. Сол арыз-шағымға сәйкес осы аталған мекемеге тексерулер ашу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Өткен айда Жасыл экономика басқармасы серіктестікті сотқа берді. Олар қоршаған ортаға эмиссия үшін берілген рұқсаттың күшін жоюды талап етіп отыр. Сөйтіп зауытты жабу жоспары бар. Кезекті сот отырысы 10 маусымға белгіленген. Бірақ оған тұрғындар күмәнмен қарайды. Қала әкімдігінен қайран болмаған соң, Мемлекет басшысынан көмек сұрайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев