Қазақстан полицейлері енді қылмыс жасағандарды ДНҚ-деректемелері арқылы анықтайды
Әзірге ғылыми жобаға еріктілер қатысып жатыр. Ішкі істер министрлігі мен қарағандылық Бәрімбек Бейсенов атындағы академия және ұлттық биотехника орталығының бірлескен жобасы алдағы уақытта тың жаңалық болуы мүмкін. ДНҚ – кез келген адамның өзіне тән ерекшелігін сақтап, атадан балаға жеткізіп отыратын қасиетке ие. Бұл әдіс шетелдерде кеңінен қолданылады. Ал Қазақстан үшін тың бастама. Жобаға қазірдің өзінде 500-ге жуық ерікті биоматериалдарын тапсырған. Гендік сараптама бірінші кезекте қылмыс жасауға бейім топтардан алынады.
Айнұр Сәрсембаева, ІІМ Жедел криминалистикалық департаментінің бас криминалисі:
- ДНҚ дерекқоры бірнеше санат бойынша жасалады. Атап өтсек, ауыр және аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар. Күдіктілер мен айыптаушылар және ІІО есепте тұрған адамдар, танылмаған мәйіттер, ашылмаған қылмыс орындарынан биологиялық іздер алынған адамдар. Сондай-ақ хабарсыз ктекен адамдардың биологиялық туыстары. Бұл жерде олардың жазбаша келісімі керек.
Қазір ғалымдар белгілі бір ұлттық топқа тән ДНҚ маркерлерін анықтау жолында еңбек етіп жатыр. Қазірдің өзінде жобаның бастапқы кезеңіндегі қорда 500-ге жуық биоматериалдар жинақталған. Нәтижесінде қатысушылар ДНҚ профильдері арқылы 3D форматындағы фотосуреттерін алса, ғалымдар биоматерал тапсырған адамға барынша ұқсас «сырт келбет» жасап шығарады.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Алдағы уақытта кез келген тұрғын ДНҚ дерекқорына өзі туралы ақпаратты тапсыра алады. Ғылыми жұмысқа шамамен 400-ден астам адам қатысқан. Оларды қызықтырған бағыттың бірі ДНҚ-арқылы 7 атаға дейінгі белгісі бір топтарды анықтау мүмкіндігі. Яғни сіз мүлде білмеген адам сізге жақын туыс болып шығуы да ғажап емес. Бұл әсіресе із-түссіз жоғалып кеткендерді тануға тың мүмкіндік.
ІІМ қарасты Қарағанды академиясының қызметкерлері жобаның бастамашысы ретінде жұмыстанып жатыр. Енді елде жасалатын сот-медициналық сараптамаларды осы бағытқа қарай оңтайландыру қажет.
Бағдәулет Сатыбалды, ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты:
- Осы жобаның арқасында болашақта биологиялық материалды қолдана отырып, адамның сыртқы келбетін, көз бен терінің және шаштың түсін анықтауға болатынын айтты. Мен болашақ криминалист ретінде осы бағыттың дамуына өз үлесімді қостым.Ерікті түрде қатысуға өтініш білдіріп, қан тапсырдым.
Ақынқали Дәрменов, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының басшысы:
- Статистика комитетінің ақпаратынша, биылғы жылдың мамыр айында ел бойынша аты-жөні беймәлім 1500-ге жуық мәйіт табылған. Біздің қолға алған жобамыздың арқасында генетикалық туыстық арқылы олардың жақындарын анықтауға болады.Әсіресе жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстарды оңай ашуға мүмкіндік туады.
Ғылыми жұмыс толыққанды жетілдірілетін болса, оның көмегімен тіпті алғаш рет қылмыс жасап отырған адамды да анықтауға болады. Десе де бұл құқық қорғау органдарының кез келген істе ақ-қараны ажыратуына жол ашып береді деген сөз емес. Қылмыстық істер жөніндегі адвокат Илья Махлов бұл жобаның нәтижелі боларына күмәнмен қарайды.
Илья Махлов, қылмыстық істер бойынша адвокат:
- Криминалдық қызмет жұмысы жүйелене түсетіні рас, бірақ оқиға орнынан белгілі біреудің био-қалдықтары табылса, демек сол адамды айна-қатесіз кінәлі деп тану қателік. Себебі бәз біреулерді өтірік қылмыскер ретінде көрсету үшін де кей материалдар әдейі тасталуы мүмкін. Сондықтан сот жүйесі мен құқық қорғау саласында аса бір өзгеріс болады деп ойламаймын.
Қазақстанда бұрын-соңды осыған ұқсас криминалдық сипаттағы анықтау жұмыстары жүргізілмеген. Жоба 3 жыл бойы толықтырылмақ. Сарапшылар генетикалық паспорт қауіпті орындарда жұмыс істейтін адамдар үшін де аса қажет екенін айтып отыр. Себебі апат айтып келмейді. Сондай сәтте мүрдені гендік дерекпен сәйкестендіру арқылы тану мүмкін болады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев.