Елордада қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшыларына тағзым етілді
Тәртіп сақшылары әріптестестерін 1 минут үнсіздікпен еске алды. Айта кетейік, бас шаһарда биыл қызметтік міндетін орындау барысында 8 адам көз жұмса, тәуелсіздік жылдары 802 полиция қызметкері жан тапсырған. Олардың қатарында Самат Шоханов та бар.
Есірткі талайдың санасын улап, талайдың тағдырын талқан етті. Бұны Самат Шоханов жақсы білетін. 27 жасар аға лейтенант есірткі тасымалдаушыларды ұстамақ болған. Алайда ажалдың қақпаны оның жоспарынан ертерек құрылыпты.
Данияр Әділов, Сарыарқа ауданы полиция басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы:
- Есірткі тасымалына байланысты қоңырау түсті. Ол кезде Саматтың кезекшілігі еді. Жедел тергеу тобы құрамында аға лейтенант ірі героин партиясын таратқан күдіктіні ұстады. Күдікті тергеу тобына қарсылық көрсетіп, жасырыну үшін қашып кетті. Соңына түскен аға лейтенантты көлікпен басып, артынша ізін суытты.
Оқиға 2014 жылы 18 мамырда болған. Ауыр жараланған аға лейтенант жансақтау бөліміне жатқызылады. Осы аралықта өзге тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсіреді. Алайда Самат Шоханов бір аптадан кейін ауруханада көз жұмады.
Салтанат Шоханова, анасы:
- Ол кезде менде баламнан айырылып қалам деген ой болған жоқ. Өзімнің балам сияқты мынандай киімдегі, полициядағы балаларды көрген кезде жүрегім дір ете қалады енді. Өзінің қатарлас құрбыларын көргенде, шіркін, менің балам тірі болғанда ғой деп ойлайсың.
Десе де сақшының ерлігі әріптестерінің есінде сақталады. Анасы ұлының өрлігімен мақтанады. Өйткені қызмет бабында қайтыс болған Самат Шохановқа көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілген. Рухты жанның келмеске кеткеніне биыл 7 жыл.
Авторлары: Дана Алиева, Әлібек Алиев, Ақылбек Есімсейітов