Теміржол саласын дамытатын инновациялық жобалар қолға алынады
Саланы дамыту тетіктері талқыланған жиынға ТМД елдерінің ірі теміржол компанияларының өкілдері арнайы шақырылған. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның теміржол кластерін дамытуда қолға алынып отырған инновациялық жобалармен танысты. Ал «RAILWAYS SYSTEMS KZ» компаниясы темір жол өнімдерін өндірудегі енгізілген ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін паш етті.
Қазақстанның теміржол кластері ілкімді жобаларды жүзеге асыруға дайын. Ал саланың экспорттық әлеуеті еуропа нарығынан ойып тұрып орын алады. Бүгінде «RAILWAYS SYSTEMS KZ» компаниясы өндіретін өнім түрлерін кеңейткен. Екібастұздағы кәсіпорындар тобы машина жасау өндірісін қайта жандандырды.
Сергей Павлингер, «проммашкомплект» ЖШС дамыту жөніндегі директоры:
- Біз өндірісті құру барысында қазақстандық, ресейлік қана емес бүкіл әлемде жинақталған тәжірибелерді қолдандық. Кәсіпорындарымыз сонысыменерекшеленеді. Өндірістердің 80% автоматтандырылған жүйеге негізделген. Кез келген құрылғылардың дәлдігі микронға дейін жетеді. Бұл – әлемде баламасы жоқ теңдессіз зауыттар.
Қазақстанның машинажасаушылар Одағы отандық кластердің бәсекеге қабілеттілігіне сенімді. Егер шетелдік әріптестерімен өзара ынтымақтастық орнатып жатса қолдау көрсетуге дайын. Себебі Қазақстанда жасалған теміржол бөлшектері шет мемлекеттерде үлкен сұранысқа ие. Конференцияға қатысушылар қазақстандық өніммен таныс болып шықты. Себебі «Проммашкомплект» зауытында жасалған темір жол дөңгелектерінің басым бөлігі экспортқа шығарылады.
Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Қазақстан теміржолы импорт алмастыру үшін Қазақстанда шығарылатын мекемелер мен стандарттар жасаймыз. Теміржолға инфрақұрылымды береміз. Кездесуде біздің мекемелер шығарып жатқан өнімдерін көрсетіп жатыр. Біраз нәтиже бар, істелінген жұмыс бар.
Технологиялар кластері форумға қатысушыларды таңғалдырды. Теміржол саласына қажет өнімдер шығаратын зауыттардың жұмысымен танысу үшін олар Екібастұзға арнайы келді. Кәсіпорынның негізгі учаскелеріндегі шаруаларды роботтар атқарады. Демек, адами факторға жол берілмейді. Өнім қатаң техникалық бақылаудан өтеді. Бұл осыған дейін кейбір баспасөз беттерінде жарияланған «Павлингердің дөңгелектерімен алысқа бара алмайсың» деген сыни пікірлерді жоққа шығарады.
Валентин Гапанович, «Теміржол техникаларын өндіру бірлестігі» коммерциялық емес серіктестігінің президенті:
- Осы жерде көзбен көрген заттарға мен жоғары баға берер едім. Біз технологияның аса жоғары көрсеткішіне куә болдық. Объективті көзқараспен қарайтын болсақ, РФ-да мұндай кәсіпорындар жоқтың қасы. Технология мен сапаны бақылауда осындай ең биік деңгейге көтерілген кәсіпорындар туралы жағымсыз пікірлер туындамауы тиіс.
Сергей Калетин, Теміржол көлігі операторлары президиумының мүшесі /Ресей/:
- Адам қолымен атқаратын жұмыстарды роботтар алмастырғаны технологиялық процесстерге оң әсер етеді. Өнімнің сапасы жоғары болады. Сондықтан «Павлингердің дөңгелектерімен біреулер алысқа ұзай алмайды» деген сөзді бірінші рет естуім және ол бос әңгіме. Біз бұл дөңгелектермен әлі көп жыл жүреміз.
Кәсіпорын биыл толық жаңғыртудан өтті. Соның арқасында өндірістік қуаттылық артып, жылына темір жол дөңгелектерінің 300 данасын шығаруға мүмкіндік туды. Жуырда табан темірлер мен электр сымын ұстатқыш бұйымдар шығаратын өндіріс іске қосылады. Жалпы отандық өнімнің 70% экспортқа негізделген.