Дәрігер: алты ай сайын ревакцинация жүргізіледі
Осы айдың соңында адамдардың вакцинаның екі компонентін де алғанына алты ай болады. Олар әрі қарай не істеуі керек? Вакцинаны әр алты ай сайын және өмір бойы алу керек екені рас па?
Жазира Астаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:
- Вакцина алғаннан кейін алты ай сайын ревакцинация жүргізіледі. Себебі қазір жаңа штамдар пайда болып жатыр. Сондықтан сол штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинация жасау керек. Антиденелер болса да, өмір бойы ревакцинация жүргізіп отыру қажет.
Егер бірінші вакцина «Спутник V» болса, онда ревакцинация кезінде, мысалы, қытайлық Синовакты таңдауға бола ма? Әлде әрі қарай алғашқы алған вакцина ғана егілуі тиіс пе және неге?
Жазира Астаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:
- Әр вакцинаның құрамы, жасалу жолы әртүрлі. Сондықтан олардың организмге әсер етуі де түрліше болады. Егер екпенің бірінші компоненті «Спутник V» болса, екіншісі де «Спутник V» болуы шарт. Бірақ 6 айдан, 1 жылдан кейін ревакцинация жасау кезінде басқа екпе түрін салдыруға болады.
Көбі коронавирусқа қарсы вакцинаға әлі де күмәнмен қарайды. Егер адам ағзасында антиденелер болса, вакцина алу мерзімін шегеруге бола ма?
Жазира Астаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:
- Егер адамның ағзасында антидене болса және ол кісі өзінің қашан ауырғанын айта алмаса, вакцина салынады. Негізі екпе адам коронавируспен ауырғаннан 6 айдан кейін алынады. Жаңа шыққан штамдарға иммунитетті әрдайым көтеріп отыру қажет.
Вакцинаны өмір бойы алу міндетті бола ма?
Жазира Астаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:
- Ол уақыт өте келе белгілі болады. Себебі қазір коронавирустың симптомдары өзгеріп жатыр, жаңа штамдар пайда болуда. Бұл инфекцияның ерекшелігі де осында болып отыр.