Елімізде қыркүйек айында тұрғын үй бағасы арзандайды
Бұған құрылыс материалдары мен баспана бағасын тежеуге байланысты қабылданған кешенді шаралар себеп болмақ. Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осындай тапсырма берген. Қазір аталған министрлік өкілдері, Үкімет, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, баға болжамын жасап, өндірушілер мен құрылыс жүргізушілердің арасында келісімшарт жасауды қолға алды.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Бұл әрине жаңалық емес. Десе де аталған тауарлардың бағасы бізде ғана емес, әлем бойынша өсіп жатқан көрінеді. Құрылысқа қажетті заттардың құны биыл да артқан. Әсіресе цемент, арматура, кірпіш, газды бетонның бағасы көз ілестірмейді. Салдарынан тұрғын үй де қымбаттаған.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:
- Шара қабылдамас бұрын соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда құрылыс материалдары мен жылжымайтын мүлік бағасына болжам жасалды, яғни осы уақыт ішінде баға қаншалықты өсті немесе өзгерді деген мақсатта. Елімізде құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыру барысында Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сала бойынша баға өсіміне болжам жасау, өндірушілер мен құрылысты салушылардың арасында тікелей ұзақмерзімді келісімшарт жасау шаралары қолға алынды.
Қайырбек Өскенбаевтың сөзіне сүйенсек, құрылыс материалдарының әлем бойынша өзгеріске ұшырауына – металл бағасының өсуі, сұраныстың кейінге шегерілуі мен инфляция әсер еткен. Ал бізде ше? Еліміздегі ахуалға мына мысалдар себеп болған: тұрғын үй құрылысына құйылған инвестиция көлемінің өсуі, зейнетақы жинағына баспана алу және өндірушілер мен делдалдардың бағаны қолдан қымбаттатуы.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:
- Соңғы екі жылда елімізде құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерге құйылған инвестициялардың көлемі бірден ұлғайды. Статистикаға сәйкес 2019 жылдың мамырында инвестиция мөлшері 432 млрд теңге болды. Ал осы жылдың сәйкес мерзімімінде бұл сандар 732 млрд теңгеге өзгерді. Өсім 1,7%.
Құрылыс материалдарының өсуі баспана бағасына тікелей әсер ететіні белгілі. Мәселен биыл қаңтарда жаңа тұрғын үйдің бағасы 3,8% өссе, қолданыстағы үйдің бағасы 7,2% артқан. Ал маусым айында жаңа үйдің бағасы 0,9%, ал қолданыстағы баспана бағасы 1,2% тең келген. Енді мамандардың болжамына құлақ түрсек, қыркүйек айында үйдің бағасы төмендейді екен. Естеріңізде болса, 10 шілдеде Мемлекет басшысы құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасының шарықтауына шектеу қоюды тапсырған еді. Ал атқамінерлер болса кешенді шараларды қабылдап, бұл істі ретке келтіреміз деп сендіріп отыр. Нәтижесін бірге көре жатармыз.