Маңғыстауда мал қымбаттап кетті
Қойдың ең арзаны 60 мың теңгеге сатылып жатыр. Кәсіпкерлер мұны жем-шөптің қымбаттауымен байланыстырып отыр. Ал Құрбан айтты тойлауға асыққан жұрт бағаға қарамай, жаппай сатып алуда.
Анар Досаева 20 жылдан бері мал сатумен айналысады. Биылғы қуаңшылықтың саудагерлерді де айналып өтпегенін айтады. Төрт түлікті Орал мен Ақтөбеден тасымалдай бастапты. Ол жақтағы құны қымбат болғандықтан, базарда да бағаны өсірген.
Анар Досаева, сатушы:
- Маңғыстаудың қойын алып, сатпағанымызға бір жыл болды. Жерде дым жоқ, арық, әлсіз. Сатуға келмейді. Сол себепті қойдың бәрі жан-жаққа кетіп жатыр. Малын сақтап қалу үшін Ақтөбе, Оралға көшіп кетіп жатыр. Ал біздің алып жатқанымыз – Оралдың қойлары. Олар да жем-шөптің қымбатшылығына байланысты қымбат келіп жатыр. Біз мына қойды алғаннан кейін аш қалдырмауымыз керек. Алатын шөбіміз – 1 тюк шөп 1700 теңге, арпа – 4 мың теңге.
Мал базарында 1 келі ет 2 500 теңгеден сатылып жатыр. Былтырғымен салыстырғанда баға 15% өскен. Соған қарамастан қала шетіндегі мал базарында кезек көп. Мейрам күндері мұнда 300-ден астам мал сойылады. Санитарлық талаптар қатаң сақталған.
Нұрберген Мамытов, қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Әр пункттен шығатын малға ол жердің ветеринариялық станциялары мамандары анықтамасын беріп жібереді. Мал сою пункттерінде 1 күндік карантинде тұрады. Содан кейін визуалды қарау әдісімен қарап, союға рұқсат береді. Сосын сойылып жатқанда етінен сынамасы алынып, зертханаға жіберіледі. Үйден сатуға рұқсат жоқ. Тек мал базарында рұқсат бар. Қатаң эпидемиологиялық санитарлық талаптар сақтау керек.
Қазір Ақтау қаласында 4 мал сою пункті жұмыс істеп тұр. Мұнда сатушылар мен келушілер бетперде тағып, кіреберіске дезинфекциялық сұйықтық қойылған.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев