Алматыда 700 ескі үйдің орнына жаңа көпқабатты үйлер бой көтермек
Ал ескі үйдің тұрғындары бөлме санына байланысты жаңа үйден шаршы метрі үлкен пәтерлерге ие болады. Жаңа бағдарлама қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен биыл қолға алынып отыр.
Гүлжаһан Баспақова жаңа пәтеріне бірнеше күн бұрын ғана көшіп келіпті. Заттарын әлі орналастырып та үлгермеген. «Бірақ қоныс тойға ол кедергі емес», - дейді қуанышын жасыра алмаған зейнеткер. Жаңа пәтерінің көлемі ескі үйінен 20 шаршы метрге үлкен.
Гүлжаһан Баспақова, қала тұрғыны:
- Ескі үй болған соң, ол жақта жағдайымыз дұрыс болмады. Мынадай екі бөлмелі әдемі үйімізге қоныс аудардық. Барлығына алғысымды айтамын. Өте қуаныштымын.
Гүлжаһан Баспақовадан басқа, тағы 19 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Тұрғындарға жаңа үйлерден пәтер алуда таңдау мүмкіндігі берілді. Олар пәтерлерін бөлмелер саны бойынша алмастыра алады. Сондай-ақ қосымша ақы төлеп, бөлме санын көбейтуіне мүміндік бар. Айта кетейік, қаладағы ескі үйлердің көбі Түрксіб пен Жетісу аудандарында орналасқан.
Айдын Керімбек, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары:
- 2025 жылға дейін жобамыз бар. Қазіргі күні ол жерлерде қала бойынша 1400-ден астам өте ескі үйлер бар. Мысалы, 1930, 1957 жылдары салынған екі қабатты үйлер бар. Қазір сол үйлерде 6300-ден астам отбасы тұрып жатыр.
Қазір Алматыда барлығы 1400 ескі үй бар. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бойынша алдағы бес жылда 700 үй кезең кезеңімен сүріліп, жаңа үйлер салынады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев