«Бастау Бизнес» жобасы: грант кімдерге беріледі?
Олардың арасында қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін ашқандар да бар.
Саран қаласында тұратын Оксана Рассказова пандемияның салдарынан жұмыссыз қалған. 4 баланың анасы қол қусырып отырған жоқ. «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздері бойынша онлайн сабақ алады.
Оксана Рассказова, кәсіпкер:
- Бастапқыдан бизнес жоспар құруға жүрексіндім. Бұрын-соңды мұндай кәсіппен айналысып көрмеппін. Дегенмен кеңесшілер барынша көмектесті. Осылайша, тәуекелге бел буып, ісімді бастап кеттім. Қолымнан келеді екен. Тапсырыстар түсіп жатыр.
Оксана оқуын аяқтаған соң, 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға тігін шеберханасын ашқан. Ол ақшаға керек-жарағын сатып алыпты.
Жыл басынан бері Оксана секілді 779 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, өз ісін ашқан. Көпшілігі қайтарымсыз қаржыны мал шаруашылығын дамытуға алса, енді бір бөлігі түрлі қызмет көрсету орындарын іске қосыпты.
Айнагүл Ермағанбетова, Еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы:
- 2021 жылға 975 грант бөлінді. Оның бірінші жартыжылдықта 550 гранты берілді. Кәсіпкерлердің өз ісін ашуға 320 миллион теңге грант бөлінді.
Сала мамандарының айтуынша, соңғы алты айда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 20 мың адам жұмысқа тартылған. Ал жыл соңына дейін 76 мың азаматты қамту жоспарда.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев