Тау-кен байыту комбинатының 500-дей қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкі
Оны жандандыру үшін талай төрдің табалдырығын тоздырған тұрғындардың жұмысына жергілікті полиция қызметкерлері кедергі келтіретін сыңайлы. Әділдік іздеп, бастарын тауға да, тасқа да соққан қызметкерлер келешектеріне күмәнмен қарай бастады. Шарасыздың күйін кешкен 500 азамат, енді Мемлекет басшысының көмегіне жүгінуді жөн санап отыр.
Қазір бұл кәсіпорынның маңайын жергілікті полиция қызметкерлері күні-түні күзетеді. Тасымалданған әр тоннаны емес, тысқа шыққан әр тасты тәртіп сақшылары аңдып отырады.
Бір ғана мысал. Бұл кен орнынан өндірілген 17 млн теңгенің шикізаты көрші елдерге жөнелтілуі тиіс еді. Қазір жергілікті полиция бөлімшесінің алдынан ары аспайды. Антына адал тәртіп сақшылары екі күн бұрын 80 тонна жүкті тәркілеген екен.
Данил Долгалев, серіктестік директоры:
- 3 маусымнан бері күн сайын біздің жүк тасымалдайтын көліктер тоқтатылады. Себебі түсіндіріліп жатқан жоқ. Алдыңғы күні түнде полиция концентратты алып қойды. Біз «Тиолайнның» емес, өзіміздің мүлікті шығарып жатырмыз. Оның барлығын дәлелдейтін құжаттар бар. Оған ешкім қараған жоқ. Полицейлер маған қатысты қозғалған қылмыстық істі желеу етеді. Мен оны көрген де емеспін. Бізге жұмыс істеуге мұрша берсе екен деймін.
Бұл бірінші рет болған жағдай емес. Былтыр 100 тонна концентрант тәркіленіпті. Жүкті сол күйі кері қайтармаған. Бұлай жалғаса берсе, ендігі күніміз не болады деген жұмысшылар жандарын шүберекке түйіп жүр.
Гүлмира Абдуллаева, лаборант:
- Жұмыссыз қалғым келмейді. Жалақым айына 265 мың. Жұмыс тоқтап қалса, баламды қалай асыраймын?! Жүректен-жүрек қалмады. Бұл «қарусыз соғыс» деп аталады.
Марат Шеген, шебер:
- 2017 жылы ішінде не болғанын көрсеңіз. Мынаның ішінде сау ештеңе болған жоқ. Соның барлығын халық өз қолымен істеді. Қазір Құдайға шүкір, жұмысшылар 500-700 мың теңгеден жалақы алады. Ертең мынаның бәрі жабылса, қайда барамыз?!
Кәсіпорын қызметкерлері: «Емін-еркін еңбек етуімізге мұрша берілсе», - дейді. Себебі адал асын осы жерден тауып отырған 500 отбасы нәпақасыз қаламыз ба деп қорқады. Ал кен орнының басшысы өндіріс ошағы заң аясында жұмыс істейтініне сенімді. «Тіпті айғақтайтын құжатымыз да бар», - дейді. Бірақ дәлелдей алмай жүр...
Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін біздің арнаның түсіру тобы жергілікті полицияға хабарласқан болатын. Алайда құзырлы орган өкілдері ресми түрде сұхбат беруден бас тартты. «Қылмыстық іс аяқталмайынша, істің мән-жайын тарқатып айтуға құқымыз жоқ», - деп отыр. Ал ол қандай іс екенін де ашып айтқан жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері бұл оқиғаға қатысты бейтарап ұстанымда екенін телефон арқылы білдірді.
Вероника Яковлева, СҚО әкімдігі баспасөз қызметінің жетекші маманы:
- Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бұл комбинатқа қатысты туындаған мәселеге бейтарап ұстаным білдіреді. Дәл қазір аталған істі құқық қорғау органдары мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зерттеп жатыр.