Оралда апатты мектептің құрылысы басталар емес
Балалар кезекті оқу маусымын басқа білім ошағында бастауға мәжбүр. Ең алаңдатарлық жайт, оқушылар күн сайын теміржолды кесіп өтеді. Айналма жол ат шаптырым жерде. Алаңдаған ата-аналар құрылысты тездетуді талап етіп отыр. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобаны инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Алайда кейін келеңсіздіктер туындаған көрінеді.
Таудай үйілген қоқыс, көк-шаң, ат бауырлайтын қалың шөп, теміржол. Мектепке баратын жолдың сиқы осы. Балалар сабағына барып келгенше ата-аналар уайымдап отырады. Әсіресе теміржол жұрттың жүйкесін жұқартты. Әкімдік жаңа мектеп салынғанша бір жылдай шыдай тұруды сұраған. Алайда түйткілдің тарқатылатын түрі жоқ.
Айымгүл Қайрош, қала тұрғыны:
- Мектеп «мынандай болады» деген соң, шыны керек, көңіліміз қатты түсіп кетті. Білмеймін енді, мектебіміздің орнына жаңа мектеп салып берсе деп ойлаймын. Өзіме мүлдем қиын. Жалғыз өзім бесеуін анда-мында тасып жүрген соң, маған қиын болды.
Апатты мектепте 400-ден астам бала оқып келді. Қазір олар жақын маңдағы білім ордасына уақытша көшірілді. Оның үстіне тұтас еңбек ұжымы да осында келді. Дерт дендеген уақытта бір мектепте балалар мен қызметкерлер саны 2 есе көбеюі алаңдатады. Ал таршылық қашанға дейін созылатыны белгісіз.
Аманжол Хаиров, №31 орта мектептің директоры:
- Негізгі құрамы – 330 баладай орыс мектебінің оқушылары, қалған 70 шақтысы – қазақ сыныптарының балалары. Мұғалімдер бізде – 44. Кіші қызметкерлерден 17 қызметкер бар. Оқушылармен бірге 1 жыл бойы осында жұмыс жасап шықтық. Қазір ешкімге кепілдік жоқ. Бір бала бір жағдайға түсетін болса, ол кезде онда қиын болады. Сондықтан да оған жеткізбей, тездетіп мектептің ғимаратын салып, балалардың өз орындарына барғанын қалаймын.
Жаңа мектеп ғимаратын инвестордың есебінен салу көзделген. Құрылыс былтыр басталуы тиіс еді. Әйткенмен іргетасы енді қашан қаланатыны әкімдікке де беймәлім боп шықты. Апатты мектеп аумағында «Шапағат» оңалту орталығы орналасқан. Инвестор ол ғимаратты да жаңғыртып беруді ойлаған. Алайда әлеуметтік нысан биыл аукцион арқылы басқа компанияға беріліп қойыпты.
Әлібек Антазиев, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:
- Мектеп салуға ниет білдірген инвестор «Шапағат» орталығы орналасқан аумақты да беруді сұрады. Өзара келісім негізінде әлеуметтік нысанды мектепке қосып, білім кешенін ашуды жоспарладық. Инвестор аукционда ғимаратты алып, жұмысына кірісуі керек болған. Әйткенмен аукционда ол аумақты алматылық компания алып кетті. Ал ол кәсіпорынмен байланыс жоқ. Кәсіпкерге жеке хабарласып, ғимаратты қандай мақсатта қолданғалы жатқанын сұрадым, бірақ ешқандай нақты жауап ала алмай отырмын.
Облыстық құрылыс басқармасы қадағалау органдарына алматылық компания үстінен шағым түсірмек. Онсыз да сағызша созылған жоба енді сот процесін күтетін сыңайы бар. Ал ата-аналар кемінде тағы бір жылды уайыммен өткізетін болды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов