Таразда «Этносаяси сауаттылық» тақырыбында семинар-тренинг өтті
Оған Алматы және Түркістан облыстарының жергілікті полиция органдары, прокуратура мен полиэтносты аудандары әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Ал қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылары тәжірибелік сабақтар өткізді. Қатысушылар бұл іс-шара этносаралық қарым-қатыныс саласында жаңа мүмкіндіктер мен технологияларды тиімді пайдалануды үйренуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бірлік берекеге бастайды. Көпұлтты елеміздің қандай да бір жетістігі ішкі тұрақтылықпен тікелей байланысты. Дегенмен даму көші тоқтаған емес. Сондықтан бұл бағытта үнемі ізденіс үстінде болу маңызды. Келелі басқосудың да мақсаты осы. Саяси, мемлекеттік қызметкерлердің уақыт талабына орай білім-білігін көтеру, тәжірибесін арттыру.
Айбек Жақсыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Этносаяси мәселелер бойынша этникалық қатынастар мәселесі бойынша қалай жұмыс істеу керек? Біздің мемлекет өткізіп жатқан саясат тұрғысынан түпкілікті түсіну үшін біз осы семинарды өткізіп жатырмыз. Басқосуда сүбелі тақырыптар қаузалды. Конфликтология мен этномедиацияның базалық негіздері, ақпараттық және медиалық сауаттылық төңірегінде сарапшылар жиған-тергенін ортаға салды. Мамандар Президент бастамасымен қолға алынған «Бейбітшілік және келісім» жобасының да жемісті нәтижелерімен бөлісті.
Дәулет Кәрібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Егер семинар-тренигтердің негізі ретінде біз белгілі бір заңдарға, белгілі бір бабтарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу керек болса, біз оның барлығын жинап, депутаттар арқылы, министрліктер арқылы бірлесе ұсынатын боламыз.
Ауқымды тақырыпты арқау еткен басқасу бір ғана семинармен түгесілмейді. Бұдан кейін республикалық конференция өткізу жоспарланған. Осы жолы жинақталған ұсыныстар мен бастамалар ғылыми қауымдастық ортасында да талқыланатын болады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов