ШҚО тұрғындары екі ГЭС-тің жекешеленуіне үзілді-кесілді қарсы
Өскемен және Шүлбі ГЭС-і өткен жылдың соңында жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдар тізіміне енген. Ол бойынша стратегиялық нысандарды бәс саудаға шығару биыл 4-ші мамырға белгіленген. Бірақ сол кезде өңірдегі тұрғындар қарсылық танытып, Президентке ашық хат та жолдаған. Нәтижесінде қос нысанды жекешелендіру бойынша саудаға шығару шегерілген еді. Енді бәс сауданы өткізу қараша айына жоспарланды. Алайда аймақтағы белсенді топ жекешелендіруге әлі қарсы.
Екі ГЭС-тің жекешеленуіне қарсы жазылған ашық хатқа 10 мыңға жуық адам қол қойды. Онда гидротехникалық қос нысан жекенің қолына өтсе, халыққа келер зияны егжей-тегжейлі жазылған. Тіпті еліміздің кейбір өңірінде жекенің қолына өткен гидро-нысанда болған апатты да дәлел ретінде келтірген.
Денис Данилевский, қоғам белсендісі:
- Бұл – өте күрделі технологиялық нысан. Сондықтан ол тек мемлекеттің қарамағында болуы шарт. Қадағалау құзіреті де мемлекетте болуы тиіс. ГЭС-тен түскен судың мөлшері Ертіс өзенінің ағысына да әсер етеді. Ал Ертіс бойында Семей мен Өскемен сияқты екі ірі қала бар. Оған қоса, қаншама егіс пен шабындық та осы Ертістен суарылады.
Экологтар да стратегиялық нысанның жекеге өткенін қаламайды. Оның жаңа иесі экологиялық талаптарды сақтайды дегенге сенбейді. Ертіс өзеніндегі судың деңгейін реттеу мәселесіне қатысты да сауалдар көп. ГЭС-тен артық су жіберген жағдайда 370 мың гектар алқаптың су астында қалу қаупі тағы бар. Ал нысан жекешеленсе, энергияның тарифі қалай болатыны да белгісіз.
Геннадий Корешков, Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:
- Кез келген кәсіпорында жекеге алған адам одан пайда табу көзі ретінде қарастырады. Ал бұл – электр өндіретін стратегиялық нысан. Сондықтан тариф саясаты да өзгереді.
Өскемен мен Шүлбі ГЭС-і 1997 жылдан 2017 жылға дейін шетелдік компанияның басқаруында болған. Алайда нысанға қатысты мәміле халықаралық сотқа дейін жеткен. Істің соңында Қазақстан Үкіметі соттасып жүріп, мемлекет меншігіне қайтарып алған. Сондықтан қоғам белсенділері стратегиялық нысандардың тағы да жеке қолға өтуіне қарсы.
Ирина Торлопова, қала тұрғыны:
- Жеке адам ГЭС-ті тиімсіз болса, ешқашан сатып алмайды. Яғни пайда әкелмесе, оған ивестиция салмайды. Ал ГЭС – бұл дайын бизнес көзі.
Шынында да 2020 жылы Өскемен ГЭС-і 2 миллиард теңгеге таза пайда тапқан. Ал соңғы бірнеше жылда 20 миллиард теңгеге жаңғырту жұмысын жүргізген.
Виктор Геращенко, «Өскемен ГЭС-тің» бөлім басшысы:
- ГЭС-тегі жабдықтардың ескіруі қазір 60%-ке азайды. Қазір жалпы қондырғылардың 19% ғана ескі. Станцияның жарамдылығына түрлі зерттеулер нәтижесі бойынша кепілдік беріледі.
Энергетика мен Қаржы министрлігінің өкілдері ГЭС-тің неліктен жекешеленетінін ашып айтуға құлық танытпай отыр. Тек жазбаша ғана жауап берді.
ҚР Қаржы министрлігінің ресми жауабы:
- Жекешеленген нысанда мемлекеттік үлес болғандықтан алдағы уақытта басқару тиімділігін арттыру көзделген. Сондай-ақ ел экономикасынан осы нысанға жұмсалатын шығынды қысқарту мақсат етілді. Ал тариф пен энергия тарататын ұйымдардың қызметі қадағалауда болады. Сондықтан нысанды бәсекелестік ортаға беру көзделіп отыр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Ұзаққа созылған талқылаудан соң өңірдегі ірі екі гидроэлектр өндіруші нысанды бәс саудаға шығару 26 қарашаға белгіленді. Меншік иесі кім болады? Қаншаға бағаланып отыр? Ол туралы әзірше еш мәлімет жоқ.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин