Елімізде донорлар азайып барады
Ал ауруханалардың қанға деген қажеттілігін өтеу үшін Қазақстандағы қан орталықтарына жыл сайын шамамен 220 мың адам келуі тиіс. Бірақ бұл көрсеткіш соңғы жылдары төмендеп кеткен.
Жарқын Шаяхимов – Көкшетаудағы қан орталығының құрметті доноры. Жасы 50-ге таяған жігіт ағасы 15 жылдан астам уақыт жүйелі түрде қан тапсырып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, ол осы күнге дейін 65 рет қан беріп, жүздеген адамның өмірін құтқарып қалған. Өзі де құтқарушы болып қызмет атқаратын азамат: «Донор болу арқылы да өзгеге көмектесіп, өзің де жақсылыққа кенелесің», – дейді.
Жарқын Шаяхимов, донор:
- Өте ауыр халде жатқан ауруларға біз плазма, тромбо тапсырамыз. Енді бұл үлкен сауабы мол бұл істің және де адамның өз ағзасына да пайдасы бар. Себебі кезінде мен бір аллергиямен ауырып, одан құтылдық. Қан үнемі сұйық боп тұрады. Орта жасқа келгеннен кейін көп адамдардың қаны қоюлана бастайды ғой.
Бірақ Жарқын аға секілді тұрақты донорлар саусақпен санарлық. Қан орталығының мамандары Ақмола облысындағы ауруханалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін күн сайын 30 шақты адам қан беру керектігін айтады. Алайда қазір мұнда 15 кісі, әрі кетсе, 20 адам ғана келеді. «Дегенмен олардың қатарын көбейту үшін барлық амалдарды жасап бағудамыз», – дейді, дәрігерлер.
Ботагөз Әбеева, Қан орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
- Донорларды тарту үшін біз қоғамдық көліктер мен көпшілік орындарда аудио және бейне хабарландырулар жасаймыз. Одан бөлек, ірі кәсіпорындармен келісіп, олардың қызметкерлерінен қан аламыз. Алдағы уақытта жастар арасында насихаттау үшін университеттердің басшыларымен келіссөз жүргіземіз. Бұл іске жастар ұйымдары мен еріктілерді де қосу ойда бар.
Бұдан бөлек, қан тапсыратын адамдарды ынталандыру үшін былтыр облыстық бюджеттен қосымша 7 млн теңге қаражат бөлініпті. «Мұндай қолдау биыл да көрсетіліп жатыр», – дейді, мамандар. Осы арқылы ақмолалық донорларға Үкіметтен берілетін 729 теңгеге тағы 2 мың теңгеден астам қаржы қоса төленеді. Бірақ ақша үшін емес, «донор болу – азаматтық һәм адамдық борышым» деп, орталыққа келіп жатқандар көңіл қуантады.
Әйгерім Тәттіғожина, студент:
- Қан тапсыруға алғаш рет ерікті түрде келіп тұрмын. Адамдарға бір көмегім тисін, көмектесейін деген оймен келдім. Нәтижесін күтіп отырмын. Жақсы шықса, өзім барып тапсырып және өзім сияқты студенттерді де, яғни жас ұрпақты да тартқым келеді.
Ал донор қаны орталықта 42 күн сақталады. Балаларға қажетті биологиялық материалдың мерзімі бір аптадан аспаған болуы тиіс. Бұл қорды жаңартып отырудың қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Дәрігерлердің «донорлар азайып барады» деп алаңдайтын да жөні бар. Себебі көшеде кетіп бара жатқан кез келген адам қан тапсыра алмайды. Бұл – асқан дайындықты қажет ететін іс.
Надежда Бархатова, қан орталығының дәрігері:
- Қан тапсырардан бірнеше күн бұрын донорлар барлық майлы, қуырылған, кептірілген тағамдарды, жұмыртқа, сүт немесе айран секілді өнімдерді тұтынбауы тиіс. Диета ұстамаған адамнан қан алмаймыз. Себебі ол жарамайды. Тіпті қатты шаршап тұрған кісіден де қан алуға болмайды.
«Донорлардың азаюына пандемия да кері әсерін тигізді», – дейді мамандар. Алдымен карантин, одан соң вакцинадан кейінгі үзіліс. Бірақ қанға деген сұраныс ешқашан төмендеген емес. Керісінше жыл өткен сайын артып барады. Оған жол апатының көбеюі, коронавирус кезінде түрлі созылмалы аурулардың асқынуы, балалар мен әйелдер арасындағы анемия секілді түрлі жағдайлар себеп болып отыр. Сондықтан қанға зәру жандар көмекке мұқтаж. Ал адамның бір тапсырған қаны бірнеше науқасты аман алып қалуы мүмкін.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко