Даулы субсидия: мемлекет шаруадан қаржыны қайтаруды талап етуде
Фермерлердің бірі екі жыл бұрын жылыжай салуға, екіншісі азық-түлік сақтау қоймасына ақша алған. Кезінде тиісті қағазды рәсімдеген облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы қазір «құжат түгел емес» деген себеппен әлдеқашан жұмсалып кеткен қаржыны сұрайтын көрінеді. Амалы құрыған шаруалар әділдік сұрап шарқ ұрып жүр.
Кәсіпкер Әлімжан Балжігітов аумағы 2 гектар жылыжай кешенін іске қосқан. «Инвестициялық салымдардың шыққан шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 108 млн теңге субсидия алыпты. «Енді ауыл шаруашылығы басқармасы сол ақшаны қайтар деп, әбігерге салып қойды», - дейді шарасыз шаруа.
Әлімжан Балжігітов, жылыжай шаруашылығының жетекшісі:
- Бұл үлкен құрылыс, көп ақша жұмсалды. Қазір жылыжай кешені қызмет жасап тұр. 30 шақты адам қызмет етеді. Төрт түрлі көкөніс өнімін алып отырмыз. Біз өзіміз түсінбей отырмыз. Бұл енді бас ауру болды мен үшін...
Бауыржан Садықовтың басында да дәл осындай жағдай. Ол сыйымдылығы 8 мың тонналық көкөніс қоймасына қажет тоңазытқыш жабдықтарын 135 млн теңгеге сатып алыпты. Басқарма соның 33 млн 500 мың теңгесін субсидиялапты. Енді прокуратура органдарының тексерісін алға тартып, қаржыны қазынаға қайтаруды талап етіп отырған көрінеді.
Бауыржан Садық, шаруа қожалығының өкілі:
- Облыстық прокуратура экспертизалық қорытындыны заңсыз деп танып отыр. Ақшаны кері қайтарсын деп жатыр. 33,5 млн! Біз бұған келіспейміз. Кезінде комиссия құрылды. Сол кезде заңсыздығын анықтайтын болса, бәрі отырды ғой. Қазіргі таңда біздің қандай қатысымыз бар?! Тиісті құжатты тапсырдық, тексерістен өттік.
Тараптар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының алаңында кездесті. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар: «Субсидияны сараптама қорытындысымен заңды төлеп отырмыз,- дейді.
Амангелді Саламат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Прокуратураның арнайы талдауы бойынша, шаруашылықтардың кейбір сараптамадан өту мәселесі күмән тудырып, наразылық тудырған. Екі кәсіпкердің де сұрақтарын жан-жақты қарап шықтық. Қандайда бір төлеу бағытында заңсыздық байқалған жоқ.
Ал тексеріс жүргізген прокурор: «Заңбұзушылық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарынан кетті», - деп ашық айтты. Субсидияны берер кезде шаруадан жобалық-сметалық құжаттар талап ету керек болған. Бірақ ол ескерілмеген.
Әділет Нұрбаев, облыстық прокуратураның аға прокуроры:
- Мысалы, 10 миллион теңге субсудия сұрайды, сол 10 миллион теңгенің қайда кеткенін дәлелдеп беруі керек. Не үшін 10 миллион теңге қажет? Мүмкін кәсіпкер 5 млн теңгені пайдаланған болар. Қалған 5 миллион қайда кеткенін білмейміз. Ал оның барлығы жобалау сметалық құжаттамада тиынына дейін есептеліп көрсетілуі керек.
Енді кәсіпкерлер қаражаттың қайда кеткенін құжаттар арқылы дәлелдеуі керек. Сонда ғана субсидияны қайтармауға болады. Қадағалаушы орган осындай шешім қабылдаған. Жалпы прокурорлық тексерістер нәтижесінде осындай заңсыз төленген 92 млн теңге қазынаға қайтарылыпты. Оның зардабы қарапайым шаруаларға тиген. Себебі ала жаздай жасаған еңбек пен шығын күзде кері қайтпай қалатын жағдай жиілеп кеткен. Енді шаруалар субсидияға сенуден қалып отыр. Салдарынан биыл облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген 1 миллиард 818 млн теңге субсидияның тек 185 млн теңгесі ғана игеріліпті.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин