Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына жол берілмейді
Әрі олардың негізсіз қымбаттауына жол берілмейді. Ол үшін қалалық әкімдік өндіріс орындарымен және ірі сауда желілерімен келісімшарт жасасты. Бағаны қымбаттатпай ұстап тұру үшін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берілген.
Елорда іргесіндегі көкөніс сақтау қоймаларының бірі арнайы температура мен ылғалдылықты қамтамасыз ететін заманауи қондырғылармен жабдықталған. Яғни мұнда өнімді ұзақ мерзімге сақтауға болады.
Евгений Самусевич, «Табыс ӨКФ» ЖШС директоры:
- Қоймада 4,5 мың тонна картоп, 1 тонна қызылша мен сәбіз сақталады. Бұл – әлеуметтік маңызы бар өнімдер. Жоғары сұранысқа ие. Келісімшарт негізінде көкөніс қолжетімді бағамен Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі сауда желілеріне жеткізіледі. Демек, мамыр, маусым және шілде айларында бағаны тұрақты ұстауға мүмкіндік болады.
Ал мына наубайханадан күніне мыңннан астам дүкенге «әлеуметтік» нанның 15 мың бөлкесі жөнелтіледі. Бекітілген бағасы – 85 теңге.
Руслан Ыдырысов, Нұр-Сұлтан қ. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Қала әкімдігі мен «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағаны бақылауда ұстау үшін бірқатар шара қабылдап жатыр. Біз әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін бизнеске жеңілдетілген несие ұсынып отырмыз. Кәсіпкерлер бұл қаржыға тұқым немесе жанар-жағармай сатып алып, сұраныс жоғары кезеңде бағаны бірқалыпты ұстап, қымбаттамауын қамтамасыз етеді.
Қазір бағаны тұрақтандыру кезеңі қараша-шілде аралығын қамтып отыр. Алдағы уақытта оның мерзімі мен сатылымға шығарылатын өнім көлемін арттыру көзделген. Сонымен қатар елордада жыл сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Биыл да 14 аймақтың тауар өндірушілері қала тұрғындарына өз өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынды.
Авторы: Меруерт Жақан