Қазақстанның атом өнеркәсібі жаңа кезеңге аяқ басты
Елімізде тұңғыш рет атом реакторларына арналған жылу бөлу құрылғысын шығару жұмысы қолға алынды. Бұл стратегиялық жоба Қазақстанды атом станцияларына арналған ядролық отын өндіруші және оны жеткізуші елдер қатарына қосады. Мәселен, бүгінде Қытайда 11 атом электр станциясы блогы салынуда. Қазақстан серіктес елдерге жыл сайын өте жоғары бағамен 200 тонна ядролық отын түрін сата алады. Сарапшылар мұны экономикалық тұрғыдан болашағы зор жобалар қатарына қосып отыр. Уран бағасы қыркүйекте екі есе қымбаттағаны белгілі. Іле-шала уран өндірумен айналысатын компаниялардың акциясы да 50% өсіп кетті. Осылайша, Қазақ елі өзінің уран өндіруші елдер арасындағы көшбасшылығын нығайта түседі.
Өскеменде атом өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Еліміз бойынша тұңғыш рет атом станцияларына арналған жылу бөлу құрылғысын шығару ісі қолға алынды. Ал оның реакторлардың энергетикалық жүрегіне баланатынын ескерсек, бұл өте ауқымды стратегиялық жоба болады. Отандық атом өндірушілер бір ауысымда ең кемі осындай екі энергия тасымалдаушы құрылғыны жинай алады. Отандық инженер-физиктер бұған 5 жыл бойы дайындалды және ол өте құпия түрде сақталып келді. Осы жобаның жүзеге асуы нәтижесінде Қазақстанды толық ядролық-отын циклына көшті деп есептеуге болады. Енді табиғи уранды өндіріп қана қоймай, дайын ядролық отынды серіктес елдерге қосарланған құнмен саудалай аламыз. Француз ғалымдары қазақстандық әріптестерінің жетістігін өте жоғары бағалауда. Бұл тұрғыда айрықша тоқталып айта кетерлік тағы бір мәселе бар. Еуроодақтың 10 елі атом энергетикасын «жасыл» салалар тізіміне енгізуді қолдап, қуаттап отыр.
Лоранс Бурашо, Энергетикалық компанияның вице-президенті (Франция):
- Сіздердің зауыттарыңызда өндірілетін энергия тасымалдаушылар негізінен азиялық нарыққа бағытталады. Сол арқылы Қазақстан атом энергетикасындағы жасыл технологияларды қолданушы елдер арасында маңызды рольге ие болады.
Климаттық бейтараптыққа өту энергия өндіру және оны тұтыну ісіндегі қайта құру іспетті. Қазақстандық ғалымдар халықаралық тенденциялар мен ондағы энергетикалық тоқырау қаупі бар екенін жете түсінгендіктен, оның алдын алуға талпыныс жасап отыр. Еліміз Қытай Халық Республикасына жыл сайын 200 тонна ядролық отын сатуды жоспарлауда. Аспан асты елінде қазір 11 атом электр станциясы блогы салынып жатыр. Бұл ел жылына 800 тонна уран өнімдерін тұтынады. Ал Қазақстанда атом электр станциясы салына қалған жағдайда ядролық отыннан еш қыжалат көрмейді.
Владимир Вахненко, Өскемен металлургиялық зауыты басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз отандық нарыққа ядролық отын түрін шығаруға қазірдің өзінде дайынбыз. Мұның бәрі сұранысқа байланысты жүзеге асады. Біздің өнімімізді тұтынатын қытайлық әріптестеріміз бір ғана жеткізушіге тәуелді болғысы келмейді. Сол себепті олар бізбен жұмыс істесуге мүдделілік танытып отыр.
Әлемдегі барланған уран қорының 14% Қазақстан жерінде жатыр. Сондықтан республикамыз бейбіт мақсаттағы атом өндірісі саласындағы көшбасшылықты уыстан шығара қоймайды. Қайта оны нығайта түсуге барынша күш салатын болады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин