Кіші Арал теңізі тартылып барады
Солтүстік Арал теңізі кей жерлерде 500 метрден 1 шақырымға дейін тартылған. Жағалау батпақтанып, адам тұрмақ, техниканың жүруі мүмкін болмай қалды. Ауланған балықты судан шығару қиындай түскен. Осылайша, теңізден несібе терген жандардың бейнеті еселеніп отыр.
Айбек Есетов, балықшы:
- Күннен күнге теңіз тартылып жатыр. №4, №7, №9 деген учаскелер бар. Соның бәрі тарылып жатыр. Алдына дамба салып, әйтеуір балықшыларды шығарып жатыр. Судың жоқ болуына байланысты балық та құрып жатыр ғой. Бәрі осы судан күн көріп отыр ғой.
2017 жылы Кіші Арал теңізіне Сырдария өзені арқылы 9,2 млрд. текше метр су түскен. Содан бері 5 жыл өтті. Бұл көлем 9 есеге дейін азайды. Ал биылғы 10 айда небәрі 1 миллиард текше метрден астам ғана тіршілік нәрі құйылған. Осылайша, теңіздегі су қоры 27 миллиард текше метрден 20 миллиард текше метрге дейін төмендепті.
Ғабит Зейноллаев, балықшы:
- Тартыла берсе, бұрынғы кәсібімізге көшеміз. Балқашқа, Каспийге көшіп кетерміз тағы, бұрын сондай болған.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Мына Көкарал су тоспасынан Ұлы теңізге әдетте артық су құлап жататын. Кіші теңіздің деңгейі төмендегелі бұл гидронысаннан су өтіп жатқан жоқ. «Өйткені қазіргі уақытта Сырдариядан теңізге тамшы да тамбай тұр», – дейді мамандар.
Бүгінде Сырдария өзенімен Қызылорда облысының аумағына секунтына 80 текше метр су келіп тұрса, Арал ауданына оның тек төрттен бір бөлігі ғана жетеді. Оның өзін қуаңшылық жайлаған аймақтың көлдері мен шабындықтарын суландыру үшін пайдалануға мәжбүр. Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметі бойынша алдағы күндері жағдай сәл де болса оңалуы мүмкін.
Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:
- Жоспарымыз бойынша осы қараша айының екінші, үшінші онкүндігінен бастап Шардараға түсетін судың көбеюін күтіп отырмыз. Соған байланысты осы жылдың аяғына дейін Сырдария өзеніне тасталатын судың көлемін біртіндеп көбейтіп, көлдер жүйесі бар, шабындықтар бар және ең соңында солтүстік Арал теңізіне де тастайтын судың ұлғаюын күтіп отырмыз.
Мамандар мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының да ортақ келісімене үміт артып отырғанын жасырмайды. Дегенмен сарапшылар бастауын Тянь-Шань тауларындағы мұздақтардан алатын Сырдарияның дәл осылай тартылуы шамамен 10 жыл сайын қайталанып тұратын табиғи құбылыс екенін де айтып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов