Ақтөбе облысындағы екі ауылға көгілдір отын жетті
Жалпы өңірде коммуналдық жүйені жүргізу қарқынды қолға алынған. Қараша айының өзінде Хромтау және Әйтеке би аудандарында қос ауыл көгілдір отынға қол жеткізген болатын.
Оксана Марченко отбасы осыдан жиырма жыл бұрын облыс орталығынан Мәртөктің Вознесеновка ауылына қоныс аударған. Табиғатқа жаны жақын жандар төрт-түлік өсіруді жөн көріпті. Алайда ауылдың күйбің тірлігі, әсіресе көмір тасып, ағаш әзірлеу әбден мезі етті дейді.
Оксана Марченко, Вознесеновка ауылы тұрғыны:
- Қиын болғаны рас. Пеш жағып, үйді жылыту үшін де көп уақыт кетеді. Ағаш кесу, көмір сатып алу тағы бар. Қыруар қаражатымыз сол отынға кететін. Қыстың күні күндіз-түні қадағалап отыру керек. Енді бұл қиындықтан арылатын болдық.
Көгілдір отын желісіне қосылған Вознесеновкіде 148 үй мен алты әлеуметтік нысан болса, Достық ауылында 112 түтін мен екі коммуналдық есептегі мекеме жұмыс істеп тұр. Қазір тұрғындардың барлығы қауіпсіздік талаптарына сай үйлерді қайта жарақтандыруға кіріскен. Көпшілігі жаңа жылға дейін газ жүйесін орнатуға ниетті.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту туралы нақты тапсырмасы бар. Соған сәйкес Ақтөбе облысында ауылдарға газ жүргізу, сумен және басқа да заман талабына сай игіліктермен қамту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Алдағы уақытта жалғасатын да болады.
Қос ауылды газбен қамтамассыз ету жұмыстарына бюджеттен 617 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде, облыс тұрғындарының 92% астамы көгілдір отын тұтынып отыр. Жергілікті атқарушы билік жыл соңына дейін 93% жеткізуге ниетті.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков