Жыл басынан бері теміржолдағы ереже бұзу фактілері 17,5% азайды
Бұл туралы Алматыда өткен Теміржолдағы қауіпсіздік пен цифрландыру бойынша Еуразиялық форумда айтылды.
Халықаралық жиынға қатысушылар пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған процестерді цифрландыру және автоматтандыру мәселелерін, тасымалдау барысында апатты азайту шараларын талқылады.
Пойызға және инфрақұрылым нысандарына технологиялық қызмет көрсету сапасының нашарлығы мен көлікті нұсқау бойынша дұрыс пайдаланбау теміржол тасымалында түрлі оқыс оқиғаға әкеп соқтырады. Оның сыртында жұмыскерлердің еңбек тәртібін сақтай бермейтіні де бар.
Статистикаға сүйенсек, магистральдық жолдардағы жағдайлардың 85%-і Қазақстан және өзге де елдердегі пойыз құрамын жөндеумен айналысатын тиісті кәсіпорындардың салғырттығынан болып отыр. «Көлік қызметі нарығында тасымалдау процесіне қатысушылар саны жыл сайын көбейіп жатқандықтан ортақ стандарттарды енгізіп, цифрландыру арқылы қызметтерді үйлестіру қажет», - дейді форумға қатысушылар. Бұл ретте 1520 колеясында бірге жұмыс істейтін көрші мемлекеттердің өзара ықпалдастығы өте маңызды.
Бобобек Ахмедов, Тәжікстан теміржолы қозғалыс қауіпсіздігі қызметінің басшысы:
- Пойыздардың қауіпсіздігі – теміржол сапасының көрсеткіші. Біз Қазақстан локомотивтерін сатып алдық, олар қазір біздің полигонда сынақтан өтіп жатыр. Өте жақсы тепловоздар деп айта аламын. Сапасы мен отын үнемдеу және жайлылығы бойынша тиімді. Алдағы уақытта жаңа маневрлік локомотивтер сатып алу бойынша да ынтымақтастыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Соңғы екі жылда еліміздің теміржолдарына жеті мобильді кешен орнатылды. Ол теміржол рельстерін, жер төсемелерін, шпалдардың бекітілуін диагностикалап, ақауларды лазер арқылы анықтайды. Бұл қауіпсіздік жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Марат Шәкенов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ қозғалыс қауіпсіздігі бойынша директоры:
- Қауіпсіздікті арттыру үшін жаңа локомативтер алып жатырмыз. Бірақ адамның жұмысқа деген ниеті бірінші орында. Ақау жасамау үшін өзіне қойылған жоспарын тиянақты орындауы керек.
Соңғы жылдары елімізде қауіпсіздік көрсеткіштері жақсарды. Жыл басынан бері ереже бұзу фактілері 17,5% азайды. «Оған қауіпсіздікті басқару жүйесін автоматтандыру, «қозғалыс қауіпсіздігі мәдениетінің» деңгейін арттыру есебінен қол жетті», - деді Марат Шәкенов. Теміржолдағы ақауға жылжымалы құрамды жөндеу кезінде контрафактілік бөлшектерді пайдалану да себеп болып жатады. Компания жүргізген аудит нәтижелері бойынша бірнеше жөндеу кәсіпорнының жұмысы уақытша тоқтатылды. Енді олар талапқа сәйкес келмейтін қызмет түрлерін ретке келтіруі тиіс.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов