Бейбіт шеру шектен шықты
Бірақ арнайы дайындықтан өткен лаңкестермен күресу оңай болмай тұр. Соңғы ақпараттарға сәйкес бүлікшілер Алматыда «Мир» телеарнасының ғимаратында қарулы қақтығыс жүргізіп жатыр. Ал көшедегі ұры-қарылар болса, иесіз қалған дүкендерді тонауда. Бейбіт шеру шектен шықты. Шеттен келіп, бүлік салғандар ел ішінде тойраңдады. Қазір республика бойынша лаңкестік қауіп-қатердің ең жоғары – қызыл деңгейі енгізілді. Бұндай жағдайда арнайы қызмет өкілдері кез келген көлікті тоқтатып, тінту жүргізе алады. Тағы тұрғын үйлерге еш кедергісіз кіріп, тексеріс жүргізу құқығына ие. Ал Алматыдағы жағдай әлі де қалыпқа келер емес. Көшелерде арнайы жасақ өкілдері террористермен қарулы қақтығыс жүргізіп жатыр. Президент лаңкестердің көзін жою керек деген арнайы тапсырманы берді. Бұл пәрменді орындау оңайға соқпайтыны анық. Себебі бүлік шығарғандар арнайы дайындықтан өткенін бірден аңғаруға болады.
Лаңкестер ең әуелі қару сататын дүкендер мен қоймаларды нысанға алған. Кейін ішкі істер органдары өкілдеріне күшті қарсылық көрсетіп, жолда кезіккендерін аямады. Ал мына кадрда террористердің құрамында арнайы дайындықтан өткен мергендердің де барын байқауға болады. Арам пиғылдылардың алдын ала дайындаған нақты жоспары бар екені көрініп тұр. Ол – бейбіт азаматтардың кейпін танытып, ел тыныштығын бұзу. Бұзақылар тағы өрт сөндіру көліктерін де көптеп тартып ала бастады. Басты мақсат – әкімшілік ғимараттардағы отты ауыздықтауға кедергі келтіру. Ал өртті сөндірмек болған қарапайым тұрғындарды соққының астына алған.
Бүлік шығарғандар өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, жұмыстарын адал атқарып жүрген жедел жәрдем қызметкерлерін де соққыға жықты. Ал ұры-қарылар болса, қараусыз қалған дүкендер мен кассаларды тонауға кірісті. Абырой болғанда, бұндай бұзақыларды халықтың өзі ұстап, қолды қылған заттарын қайтарып жатыр. Халықтың күші – бірлікте. Бұны қазақ елі талай қысылтаяң шақта іспен дәлелдеп көрсетті. Қазір бүлік шығарғандармен күресте сарбаздарға қарапайым тұрғындарда көмекке келді. Мәселен, Алматының орталық ауруханасын 50-ге тарта еріктілерден құралған жасақ күзетке алған.
Авторы: Риат Шони