Хабар телеарнасы

Қостанай облысының аумағында 14 бақылау бекеті қойылған

Елді мекендер арасындағы автобус қатынасы толық тоқтатылды. Тек арнайы қызмет көліктері мен тауар тасымалдаушыларға ғана жүруге рұқсат берілген. Мұның өзінде көлік ішінде екі адам ғана болуы шарт. Бүгін журналистермен брифингөткізген Қостанай облысының коменданты Қайрат Дүйсембеков осы талаптарды бұзғандарға қатаң шара қолданылатындығын ескертті.

Төтенше жағдай енгізілгеннен бері заңсыз іс-әрекеттері үшін облыста 650-ден астам адам ұсталған. 220 адамға қатысты іс әкімшілік сотқа жіберілді. Олардың барлығы 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Мұнымен қатар Қылмыстық Кодекстің «Ғимарат, нысандарға шабуыл жасап, басып алу» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қайрат Дүйсембеков, Қостанай облысының коменданты:

- Заңсыз наразылық акциясы кезінде Қостанай қаласының орталығындағы облыстық әкімдік ғимаратына басып кіруге талпынғандардың іс-әрекеті толық құжаттандырылған. Қажетті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін ол адамдардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заң бойынша ондай қылмысқа барғандарға дүние-мүлкі тәркілеп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.