Омикрон Еуропаны кеулеп алған
ДДСҰ болжамы осындай. Кейінгі күндері омикронның өте тез таралатыны байқалған. Қазір ол Батыс Еуропада басым штамға айналып барады. Сондай-ақ Балқан түбегі елдерінде тез тарап жатыр. Әсіресе вакциналау деңгейі төмен елдердегі жағдай алаңдатарлық.
Ханс Клюге, ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросының директоры:
- Омикронның басқа штамдармен салыстырғанда тез тарайтынын растайтын мәлімет алып отырмыз. Оны бұған дейін індетпен аурып шыққан немесе екпе қабылдаған адамдар да жұқтыра алады. Вакцина салдырыңыздар. Өйткені екпе аурудың ауыр формада өтуінен, тіпті өлімнен қорғайды. Омикрон Еуропа мен Орталық Азиядағы 53 мемлекеттің 50-інде тіркелді. Шектеу шараларын күшейткенде, білім ошақтарының жұмысына ерекше назар аудару керек. Басқа мекемелермен салыстырғанда, мектептер ең соңғылардың бірі болып жабылып, ең алғашқылардың бірі болып ашылуы тиіс.