Арзан ет: сапасы қаншалықты жақсы?
Алматыда келісі 2050 теңге тұратын әлеуметтік ет тұтынушылардың бәріне бірдей жетпейді. Төмен бағада ет сататын сауда орындары көп болғанымен, тауар көлемі мардымсыз.
«Бұл бағаға сиырдың тек төс еті мен қабырғасын алуға болады. Әрі арзан етті күнде таба алмайсың», - дейді тұрғындар.
Сүбелі болмаса да, сорпа қайнатуға жарайтын әлеуметтік етке сұраныс көп. Сатушылардың айтуынша, қолжетімді ет түске дейін бітіп қалады. Қаладағы 73 супермаркет, одан бөлек бес фирмалық ет дүкені және базарларда ашылған бес әлеуметтік сауда нүктесіне күніне 3 тонна ет жеткізіледі. Әлеуметтік ет ретінде 2050 теңгеге тек төс бөлігі мен қабырға ғана сатылады. Оның еркін нарықтағы бағасы 2300-2400 теңгенің айналасы. «Бағаның төмендегені жақсы-ақ. Алайда арзан еттің көлемі аз», - дейді тұрғындар.
Елена Карчевская, қала тұрғыны:
- Арзан ет сататын орын өте кішкентай, мынадай үлкен базар үшін бұл өте аз. Шынын айту керек, қалтасы жұқа зейнеткерлер үшін бұл баға да қымбат. Оның үстіне әлеуметтік ет бөлімі күнде жұмыс істемейді. Әрі ет түріне таңдау аз.
Әлия Алмабекова, сатушы:
- Әлеуметтік ет айына бір рет, екі күн шығады. Бүгін бір күн шығып еді, жаңа жылдан бері барлық телеарналар осы жерге жүгіріп келді.
Ал базардағы тұрақты сатушылар көтерме саудагерлер мен фермелердің берген бағасына тәуелді. «Салықтан бөлек, коммуналдық шығынды да қалтамыздан төлейміз», - дейді олар. Бағаның аспандауына әсер еткен мәселелер шешілсе, олар да ет құнын төмендетуге бейіл.
Гүлбарам Разиева, сатушы:
- Қазір бәрі қымбат. Шөп, бензин – бәрі қымбат. Сондықтан еттің бағасы да арзан болмайды. Әйтпесе бәрінде бәсекелестік бар, бағасын түсірер еді ғой. Олар шөпті бір жерден текке алып жатыр ма? Олар қалай арзанға беретінін түсінбемін. Мына жерде қысып, біздің бағаны түсіргенмен ештеңе өзгермейді. Қымбатшылықтың неден басталған білу керек.
Әлеуметтік ет сататындардың есебі түгел. Олар ешнәрседен ұтылмайды. Себебі баға айырмашылығы әкімдік тарапынан жанама түрде өтеледі. Әлеуметтік ет жобасын жүзеге асыру үшін қала бюджетінен 194 миллион теңге кәсіпкерлерге айналымдық қаражатын толықтыру үшін бөлінген.
Ерлан Омаров, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
- Төс етін 2050 теңгеден сату үшін біздің әлеуметтік орындарда орналасқан кәсіпкерлерге біраз жағдай істелінеді. Біріншіден, осы орналасқан базарлардан орын тегін беріледі және пайызсыз кредиттар, займдар беріледі.
Жергілікті билік әлеуметтік ет жеткілікті болу үшін алдағы уақытта базарларда тағы бес сауда нүктесін ашуды жоспарлап отыр. Ет көлемі де 5 тоннаға дейін артады. Ал алматылықтардың етке деген бір күндік сұранысы 100 тонна екенін ескерсек, бұл да теңізге тамған тамшыдай екені анық.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев