Ақтөбе мен Хромтаудағы кәсіпорындар 400 адамды жұмысқа қабылдауға дайын
Қазірдің өзінде өңірдің еңбек нарығында мыңнан астам бос орын бар. Кәсіпорындар іздеген техниктер, инженерлер, ауыр жүк көлік жүргізушілері мен құрылысшылар және тағы басқа кәсіп иелері табылмай тұр.
Ақтөбе мен Хромтау қалаларында ірі өндіріс орындары дәл қазір 400 адамды жұмысқа қабылдауға дайын. Мұндай қажеттілік өнеркәсіпте жаңа жобаларды іске қосумен туындаған. Алайда кез келген тұрғын емес, кен өндіруге қажет нағаз мамандар керек. Атап айтқанда, шахтерлар, балқытушылар, арнайы көлік пен құрылғы жүргізушілерін іздеуде.
Софья Левитина, компания өкілі:
- Біз қазір өзімізге қажет жұмысшыларды екі бірдей қаладан іздеп жатыр. Университет, колледждермен де байланысымыз тығыз. Өз тарапымыздан ұсынар әлеуметтік көмегіміз, медициналық қызметіміз бар. Егер бізге келген маман білікті болса, тұрғын үй мәселесіне қолдау көрсету мүмкіндігін де қарастыруға болады.
Қазірдің өзіңде өңірдің еңбек нарығында 2,5 мың бос орын болса, соның 60% тау-кен, өндіріс, құрылыс және тағы басқа түрлі өнім шығаратын ірілі-ұсақты цехтарға тиеді. Ал сұранысты қамту үнемі ойлағандай бола бермейтін көрінеді. Көбіне бос орынға жіберген жұмысшының мамандығы талапқа сай келмесе, енді бірде үміткердің жеке басына қатысты мәселелер кедергі болады екен. Дегенмен есепте тұрған жұмыссыздар мен кәсіптік білім беру ұйымдарының көмегімен шешу тұрақты жолға қойылған.
Асланбек Шүйіншалиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Негізінен шағын және орта бизнес субъектілеріне жұмысшы күші қажет. Жанар-жағармай құю станцияларына, тас төсеуіш, басқа да бір дүние шығаратын шағын цехтар, өндіріспен айналысатын кәсіпорындарға мамандар, электриктер, электр дәнекерлеушілер керек. Жыл сайын үш мыңдай осындай бос орын шығарамыз. Адамдарды жібереміз.
Кәсіптік-техникалық бағыттан өзге, гуманитарлық білімі бар мамандарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспек емес. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оқу орнын тәмамдаған жастарға мейлінше көңіл бөлінбек. Соның ішінде «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың мерзімі ұзартылды. Ал қатысушы жас мамандар ай сайын 92 мың теңге көлемінде жалақы алатын болды. Еңбек нарығындағы сұранысты қамтуға оң ықпал ететін жоба игілігін былтыр ақтөбелік оқу орындарының мыңдаған түлегі көрген.
Гүлім Қайырмұхамбетова, мұғалім:
- Мүмкін бұл жоба болмағанда, әлі күнге дейін жұмыссыздар қатарында жүрер ме едім деп ойлаймын. «Еңбек» жобасы аясында жұмыс іздеп барған кезде, маған осы жұмыс орнын ұсынды.
Қазір өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,2%, ал жастар арасындағы көрсеткіш 2,7%. Мәселені жою үшін жәрмеңкелер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл іске асатын түрлі жобаның да оң ықпалы болады деген сенім бар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев