Қазталов – Жәнібек – Сайқын жолының құрылысына қатысты дау шықты
Бұл жолы құрылыс уческесіне жұмылдырылған қосалқы мердігерлер шағымданды. Олар екі жыл бойы Бас мердігерден тиісті қаражатын ала алмай жүр. Шыр-пыр болған кәсіпкерлер министрліктен мәселені шешіп беруін сұрап отыр.
Кәсіпкер Болат Қайырсапы 2019 жылдан бері Қазталов-Жәнібек жолы жөндеуге қосалқы мердігер ретінде үлес қосқан. Яғни келісімге сәйкес тұтас бір учаскені техникалармен қамтамасыз етіпті. Жобаның Бас мердігері – «Теміржолжөндеу» компаниясы. Ал ол кәсіпорын тиісті жұмыстарға «АДФ строй+» серіктестігін жалдаған. Кейіпкеріміз сол ұйыммен келісімшарт жасасқан екен. Алайда әлі күнге дейін көк тиын төленбегенін айтады. Алажағы 32 млн теңгеге жеткен.
Болат Қайырсапы, кәсіпкер:
- 2020 – 2021 жылғы ақшамызды да ала алмай отырмыз. Сонда біз жұмыс істейміз, Үкіметтен ақша бөлінеді, ал «Теміржолжөндеу» компаниясы бізге бермейді. Айналып келгенде, «Қазавтожол», «Теміржолжөндеу», «АДФ строй+» компанияларының бәрі келісіп алған.
Дәл осы учаскенің құрылысына 15 қосалқы мердігер ұйым жұмылдырылыпты. Бірі техника, бірі материал, енді бірі жанармай тасыған. Олар 236 млн теңгеге шығындалып отыр. Салы суға кеткен кәсіпкерлер жұмысты тоқтатып, техникаларын алып кетті. Жолдың небәрі 5 шақырымға жуығына асфальт төселген.
Ерлан Ақтау, кәсіпкер:
- Облыс әкімдігіне, «Қазтавтожол» мекемесіне, «Теміржолжөндеу» компаниясына сан мәрте шағымдандық. Кейбір кәсіпкерлер сотқа да жүгінді. Олардың қолында соттың оң нәтижесі бар. Алайда «АДФ строй+» компаниясынан қаражат төленбеді.
«Теміржолжөндеу» компаниясы Қазталов-Жәнібек жолының 53-тен 95-ші шақырымына дейінгі аралығын асфальттау жобасын ұтып алған. Сол жылы өз міндетін екінші серіктестікке жүктеп, техникаларын берген. Бас мердігер ұйым директоры одан кейінгі жұмысқа тартылған кәсіпкерлерге ешқандай қатысы жоғын айтып, ат-тонын ала қашты.
Айбек Терекбаев, «Теміржолжөндеу» компаниясының бас директоры:
- «АДФ строй+» компаниясына техникалар мен инертті материалдар бердік. Олар 10 күн ішінде өндірістік базаны дайындап үлгерді. Біз жүктеген тапсырманы қосалқы мердігер толық орындады. Ақысын төледік. Ал олардың ішкі мәселесіне араласа алмаймыз. Кәсіпкерлер сол ұйыммен келісімшарт жасасқан. Тағы бір айта кетерлігі, біз жалдаған қосалқы мердігер техникаларымызды жалға алған еді. Енді олар бізге 100 млн теңге шамасында қарыз болып отыр. Біз оларды сотқа бердік.
Ал «Қазавтожол» мекемесінің өкілдері қаржылық қиындықты шешуге тырысқанын алға тартты. Алайда «АДФ строй+» компаниясының құжаттарынан олқылық анықталған көрінеді.
Әмір Кәрімбаев, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ БҚО филиалының директоры:
- Біз «Теміржолжөндеу» компаниясымен бірлесіп, мәселені зерделедік. Сөйтіп, «АДФ строй+» серіктестігіне аванс төлеуді ұйғардық. Әйткенмен олардың Бас мердігерге берген есеп құжаттары жалған болып шықты. Сондықтан төлемді тоқтаттық.
Кәсіпкерлер аймаққа іссапармен келген индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне шағымдарын жеткізіп, қолдау көрсетуді сұрады.
Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- «Теміржолжөндеу» компаниясына 15 шақты кіші компанияларды беріп, солардың жұмысын ұйымдастырып, қалған қаражатты уақытында төлеу жөнінде тапсырма бердік. Заң бойынша мұндай жұмысқа бұрын Бас мердігер 60%-ке дейін алатын. Қазір біз заңнаманы өзгерттік. Жобаның 70%-ін Бас мердігердің өзі істеуі керек. Тек қана 30%-ін ғана кіші компанияларға бере алады. Осыған байланысты қазір жол сапасы әртүрлі болып жатыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Шақшадай басы шарадай болған кәсіпкерлердің жалғыз үміті Үкіметте. Республикалық күре жолдың құрылысына қатысты дау-дамайдың жиілеуі мердігердерге ғана емес, әлеуметтік жобаның сапасы мен мерзіміне де кері әсерін тигізіп жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов