Алматы мен Жамбыл облыстарында «Батыл тойтарыс-2022» оқу-жаттығуы өтті
Оған Қорғаныс министрлігінің құрылымдары, Шекара қызметі мен Ұлтық ұланның жасақтары қатысып, қалалық жағдайда жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің тактикалық тәсілдерін пысықтады.
Бұл оқу-жаттығуды өткізудегі мақсат – күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, әскери-техникалық үйлесімділікті арттыру.
Ең алдымен, десанттық-шабуылдаушы әскер шабуылға шықты. Оқу-жаттығудың жоспары бойынша күштік құрылымдар бандалық топтар басып алған елді мекенді азат етуі тиіс. Тікұшақтар мен ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар әуеден барлау жасап, нысананы анықтайды. Шабуылды артиллерия бастады. Инженерлік-саперлік бөлімшелер жолдарды, нысандарды минадан тазартып, негізгі күштердің алға жылжуын қамтамасыз етті. Барлық ғимарат босатылған соң, Ұлттық ұлан бөлімшелері жұмысқа кірісті. Олар елді мекенді тазартып, қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын ұйымдастырды. Жаттығуды Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бақылап, әскерилерге бірқатар ескерту жасады.
Бауыржан Артықов, десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары:
- Құрылымдар арасындағы бірлескен іс-қимыл барысында барлау әрекеті ойдағыдай болмағанын айту керек. Бұған қоса батальондық-тактикалық топтың әскери техниканы орналастыруында жүйесіздік байқалды. Яғни елді мекенді азат етпей тұрып, техниканы жақын шоғырландыруға болмайды. Бұл қауіпті.
Жауынгерлік тапсырмаларды бірлесіп орындау кезінде осындай кемшіліктер болса, оған сын айтылғаны орынды. Сондықтан күштік құрылымдар арасында әлі де болатын іс-қимылдарға тиісті нұсқаулар беріледі.
Бауыржан Артықов, десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары:
- Туындайтын әрбір мәселені Ұлттық ұлан және Шекара қызметімен бірігіп қарастырамыз. Өйткені олардың елді мекенде арнайы тапсырманы орындаудағы тәжірибелері бар. Жеке құрамды оқытып, дайындаймыз.
«Батыл тойтарыс-2022» оқу-жаттығуы – еліміздің қорғаныс күштерінің пәрмені мен тегеурінін тексеретін арнайы іс-шара. Бұл жаттығулар әуе және әскери-теңіз күштері құрылымдары арасында да өткізілуі керек.
Авторлары: А. Садуақас, Н. Жақсыбаев