ШҚО-дағы үш ауылдың шаруалары су тапшылығынан қиындық көріп отыр
Соның кесірінен жылдан жылға егіс алқабы тарылып барады.
Егіншілікпен айналысатын Таскескен, Шолпан және Қаракөл ауылдарының тұрғындары суды Қаракөл су қоймасынан алады. Жыл сайын тіршілік нәрінің тапшылығы оларды әбігерге салып жүр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, платина салу жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталыпты. Бірақ әлі күнге дейін құрылысы бітпеген.
Айқын Болысбеков, Шолпан ауылының тұрғыны:
- Былтыр шабындыққа да су болмай калды, сондықтан шөптің бағасы да өсіп кетеді. Қазір су ағып жатқанмен, жаздың дәл керек кезінде суымыз бітіп қалады. Маусым, шілде аяында су жоқ деуге болады. Үлкен платинаның құрылысы аяқталса, жақсы болушы еді.
Алмас Сәдуақасовтың бау-бақша егумен айналысқанына 20 жылға жуықтады. Ол: «Судың тапшылығы өнімнің сапасына кері әсер етеді», – дейді.
Алмас Сәдуақасов, Шолпан ауылының тұрғыны:
- Қарбызды баптап, жақсылап қарасаңыз, бәрі үлкен болып өседі. Күтім керек, «ерінбей еңбек етсең, тояды қарның тіленбей» дейді ғой. Қазір су аз болған соң, адамдар үнемдеп жатыр. Биыл да, былтыр да құрғақшылық болды. Елдің бәрі аз-аздан егіп жатыр. Былтыр 13 гектар салғанмын, биыл 10 гектар саламын, 5 гектар жерге салған адам 3 гектарға түсіріп жатыр.
Жауаптылар су қоймасын бірнеше рет қалпына келтіруге уәде берген. Олар мұнда тіпті су электр станциясын салуды да жоспарлапты. Бірақ бәрі уәде күйінде.
Жексенбі Нұркенов, Таскескен ауылының тұрғыны:
- Су қоймасы туралы бармаған жеріміз жоқ шығар, осыны іске асыру үшін айтпаған әкіміміз, ашпаған есігіміз, кірмеген тесігіміз, ештеңе қалмады. Өзімнің пайымдауынша, Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатыр ғой, Абай деген үлкен бір облыс құрылғалы жатыр. Сол Абай атамыздың аруағы қолдап, жаңадан келген су жаңа әкім осы су қоймасын қолға ала ма деген үмітіміз бар.
Жауаптылар құрылысты бітіреміз деп осыдан 10 жыл бұрын уәде берген. Кейін 5 жылдан кейін аяқтаймыз деп тағы да сөз беріпті. Бірақ нәтиже жоқ. Сол кездің өзінде бір ғана жобаның құны 200 млн теңгеге бағаланған.
Еркін Ғабдулмулинов, «Қазсушар» РМК филиалы өндірістік учаскесінің басшысы:
- 1992 жылы аяқталмай қалған нысан болып саналады. Бізге транзиттік режимде жұмыс істейді. Қазіргі таңда сол 60% Кеңес үкіметі кезіңде салынған, содан бері бітпей тұрған нысан болып саналады. Мәжіліс депутаттары бар, солар біраз қолдау көрсетіп, қаражат бөлінбесе, біздің ондайға шамамыз жоқ.
Егер платина салынып бітсе, үлкен үш ауыл тұрғындарының мәселесі шешіледі. Су қоймасын қайта құру 50-ден астам шаруа қожалығын сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, егістік алқабының ұлғаюына да жол ашар еді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы