Хабар телеарнасы

СҚО-дағы екі ауылдың тұрғындары радиацияланған су ішіп отыр

Халық судың қауіпті екенін біледі. Бірақ басқа амалы қалмаған.  Жалпы өңірде ауызсу мәселесі шешімін табар емес. 200-ден астам ауыл тіршілік нәріне жарымай отыр.

Ольгинка мен Сухорабовка ауылдары облыс орталығынан 230 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті халық әлі күнге өркениет игілігін көре алмай отыр. Қос елді мекенде таза су жоқ.

Гүлбахар Әлметова, Ольгинка ауылының тұрғыны:

- Кір жууға аламыз. Амал жоқ, ішеміз. Біздің көшіп келгенімізге жарты жыл болды. 2-3 құдықтың суын ішіп көрдік. Ал мына құдықтың суы ішуге келмейді. Лайланып қалады.

Ауылдардағы құдықтарға ескерту белгілері ілінген. Алайда оны елеп жатқан халық жоқ.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Ольгинка ауылында бірнеше құдық бар. Эпидемиолог мамандар олардың басым көпшілігін консервациялап тастаған. Яғни мұндағы суды ішуге болмайды.

Қос ауылдың халқы тұтынып отырған судың радиациялық көрсеткіштері жоғары екенін мамандар  дәлелдеген.

Гүлнәр Жақсылықова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- 2010 жылдан бері мониторинг жүргізіп келеміз. Екі ауылдағы құдықтардың радиациялық қауіпсіздік коэффиценті бірден жоғары. Яғни судың құрамында радионуклеидтер шамадан тыс көп деген сөз.

Бұл суды тұтыну қауіпті екенін тұрғындар жақсы біледі. Бірақ басқа амалдары жоқ.

Инна Крейдун, Ольгинка ауылының тұрғыны:

- Бұл суды өзіміз тұтынамыз, малға береміз. Бау-бақшаға пайдаланамыз. Бізге су тасымалдау тиімсіз. Себебі қыста жолды қар басып қалады.

Жергілікті шенділер аталған проблемадан құлағдар. Олар қаржының жоқтығы жұмыстарға қолбайлау болып тұрғанын айтады.

Саят Омаров, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл ауылдардың маңынан Көкшетау топтық су құбыры өтеді. Сондықтан осыдан бірнеше жыл бұрын Су ресурстары комитеті арнайы жоба әзірлеген еді. Алайда мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр.

Әзір ауылға нақты қашан таза су тартылатыны белгісіз. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды тұрақты түрде скринингтен өтіп тұруға шақырады. Ол үшін тіпті медицина қызметкерлері ауданнан арнайы барып, тексеріс жүргізуге дайын.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов