Өркениеттен шет қалдық – Мелиоратор ауылының тұрғындары
Қазір жол құрылысы басталып та кетті. Олар негізінен жаңа бой көтерген ықшам аудандар мен қала іргесіндегі ауылдарды қамтиды. Ал бір кезде бау-бақша қауымдастығы ретінде картаға енген, бірақ қазір мыңдаған отбасы тұрып жатқан ауылдар өркениеттен шетін қалып отыр. Әсіресе Атырау ауылдық округіне қарасты Мелиоратор ауылының жағдайы мүлде мүшкіл.
Биыл қала бойынша жол құрылысы қарқынды басталды. Бір ғана Еркінқала ауылдық округіне қарасты ауылдарда 46 көшеге толық асфальт төселеді екен. Округтің жол құрылысына қала әкімдігі 9 млрд теңге бөліпті. Алайда барлық жерде жағдай бірдей емес. Біз аралап көрген Мелиоратор ауылы өркениеттен мүлде шет қалып қойғандай. Ауызсу тасымалы, электр желісі жүйесіз жүргізілген. Тұрғындар бағандарды өздері тұрғызып, ток тартып алыпты. Онысы жел тұрса өшіп қалады екен. «Біз үшін басты мәселе – көлік қатынасы», - дейді тұрғындар.
Айбарша Хисарова, тұрғын:
- Жол бізден 800 метр қашықтықта жатыр. Жаңбыр жауып, балшық болса, жедел жәрдем де келмейді. Құдық пен кәріз желісін де сорғыза алмаймыз. Көліктер келсе, батып қалады. Менің қолымда әкімдіктен үй тұрғызуға рұқсат алған екі бірдей қағазым бар. Техпаспорт қолымда, бәрі түгел.
Әйгерім Жолжанова, көпбалалы ана:
- Жол жоқ, су жоқ. 5000 теңгеге су тасымалдаушы жалдаймыз. Көлік жолда батып қалады. Күн боран, жаңбыр болса, балаларымды сабаққа әкеле алмаймын деп апайына ескертемін. Мектепке таксимен апарамын. Олар 1,5 мың теңгеге әкеледі.
Атырау қаласының іргесінде өркениеттен шет қалған осындай 45 ауыл бар. Олар бір кездегі саяжайлар мен бау-бақша қауымдастығының негізінде ашылған. Аталған ауылдар қаланың бас жоспары бойынша жаздық уақытша мекен ретінде тіркелген. Бірақ қазір мыңдаған отбасы тұрып жатыр.
Жұмабек Қаражанов, қала әкімінің орынбасары:
- Ол жұмыстарды жүзеге асыруға бізге заң тарапынан шектеу бар. Қаражат жағдайы көзделмеген, егер біз бас жоспарға өзгеріс енгізіп, бұл жерлердің барлығын жеке тұрғын үй құрылысы үшін нысаналы мақсатқа аударған жағдайда, жердің ЖСҚ құжатын жасақтап сараптамадан өткізіп, бюджеттен қаражат сұраймыз. Ол жұмыс 2-3 жылға созылуы мүмкін.
Дегенмен жергілікті билік өзекті мәселені біртіндеп шешуді қолға алыпты. Мелиоратор секілді жұртта қалған ауыл тұрғындарының талабы ескеріліп, таяуда қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіледі. Осылайша, қауымдастықтарға жаңа статус берілуі тиіс. Бірақ тұрғындар ол күнді кемінде 3-4 жылдай күтуіне тура келеді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев