Маңғыстаулық жауынгердің майданнан жазған хаттары облыстық музейде сақтаулы тұр
Форт-Шевченко қаласының тумасы 20 жасында әскерге шақыртылады. Грузияның Батуми қаласында жүрген шағында Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Артиллериялық батареяның радисі Қырымды неміс басқыншыларынан азат ету кезінде хабар-ошарсыз кеткен. 21 жастағы жігіттің ұрыс арасында жазған хаттарының мазмұны бөлек.
Киров атындағы мектептің 7-сыныбын бітірген оқушы Қали Алматыдағы экономика техникумына оқуға түсуге өтінішін латын тілінде жазыпты. Жастайынан білімге қағілездік танытқан бозбала орыс және неміс тілдерін өз бетімен үйреніп алады. Майданға барған соң жақындарына үнемі хат жолдап, амандығын білдіріп отырған.
Талғат Исламұлы, тілші:
- «Мен туралы уайымдамаңыздар. Қасымда Төлеубаев Жомарт, Құдайбергенов Мырзатай, Төлегенов Айдарбек есімді үш қазақ азаматы бар». Маңғыстаулық майдангер Қали Тумышев бұл хатты жақындарына 1941 жылдың 27 маусымында жазған.
Жауынгердің соңғы үшбу сәлемхаты сол жылдың 30 желтоқсанында Новороссийск қаласынан туған жеріне поштамен жолданған. Араға 2 жыл салып із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабар жетеді. Ағасы Сәйдім Тумышев 1966 жылға дейін іздеу салған. Нәтиже болмаған соң, батырдың есімін кейінгі ұрпақ ұмытпасын деген ниетпен хаттарды музейге өткізеді.
Бақытжан Құдайбергенұлы, өңірлік тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
- Бір ерекше хат 1941 жылы 15 желтоқсанда жазылған. Майдан даласындағы қиян-кескі шайқастар туралы айта келеді де: «Біз жерлес бауырларымыз болып анттастық. Егер қатардағы біріміз қаза тапсақ, соның атынан отбасына өзіміз хат жазып тұрамыз. Яғни оның қаза тапқаны туралы хабарды мейлінше жеткізбеуге тырысамыз» деген мазмұнда жазылған екен.
Музейге тапсырылған майдангер хаттарының электронды көшірмелерін Сәйдім Тумышевтың ұлы өз үйінде сақтап қойған. Айтуынша, әкесінің інісі Қырымда қаза болған сәтін көрген жерлестері бар.
Асқар Тумышев, С. Тумышевтың баласы:
- Бірі – бертін келе 90 жасында дүниеден өткен Ырысбаев Әбдіғали деген кісі. Сол кісі: «Ағаңның қайтыс болғанын өз көзіммен көрдім», – деп айтқан еді. «Біз таудың үстінде жаттық, олар теңіз жағасында жатты. Неміс самолёттері келіп бомбылады. Бәрі суға батып кетті», – дейді.
Жастайынан еңбекке араласып, білімге ден қойған Қали Тумышев біраз хатында жастарды Отанды қорғауға, қазақ елінің кемелденуіне аянбай үлес қосуға шақырған. Айта кетейік, музей қорында 53 маңғыстаулық майдангер туралы құжаттар мен олар көзі тірісінде қолданған бұйымдар сақтаулы тұр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев