Қарағанды облысындағы жылу қазандығында еңбек ететін 35 адам жұмыссыз қалды
Көмірдің қымбаттауына байланысты коммуналдық мекеменің қарызы өсіп, жалақы төлей алмай отыр. Сондықтан қысқартуға мәжбүр болыпты. Енді табысынан айырылған азаматтар қалай күн көреді? Жергілікті билік қандай көмек ұсынып отыр?
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қушоқы кентін жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандық 2018 жылы жеке компаниядан аудан әкімшілігінің балансына өткен. Содан бері жұмысы тұралап тұр. Қарызға белшесінен батқан коммуналдық мекеме тіпті жұмысшылар санын үш есе қысқартуға мәжбүр болған.
Қазандық көмір өндіруші компанияға тиесілі болған кезде тұрақты жұмыс істеп тұрған. Жылу маусымы аяқталған соң, еңбеккерлер ала жаздай жөндеу жұмыстарын атқаратын. Айлық та, әлеуметтік төлемдер де уақытылы беріліп келді. Кейін кеніште көмір түгесіліп, коммуналдық нысан аудан әкімшілігінің қарамағына өтеді. Ал олар жазғы жөндеу жұмыстары үшін тендер жариялауға мәжбүр, заң солай. Кейін ұтып алған компанияның қызметін пайдаланады. Өкінішке қарай, содан бері жергілікті жұмысшылар табысынан айырылды.
Берік Ахметов, Қушоқы кентінің тұрғыны:
- «Еңбекпен қамту орталығы арқылы төлейміз» дейді. Атымызда несиеміз бар. Бұрын жаз бойы жалақы 100% төленетін. Біз котелдарды күзге дайындап, оңдайтынбыз. Қазір ондай дайындық та жоқ. Бәрі ақшаға келіп тіреледі. «Ақша жоқ, ақша жоқ» дейді болды.
Диана Дробот, Қушоқы кентінің тұрғыны:
- Менің екі балам бар. Бірі мектепте оқиды, екіншісі балабақшаға барады. Жұмыссыз қалған соң, еңбек биржасына көмек сұрап барғанмын. Еш қайыр болмады. Университетте сырттай оқығандықтан, жұмыссыздар санатына кірмейді екенмін. Енді отбасымды қалай асырайтынымды білмеймін.
Аудан әкімдігі қысқарған 35 адамның ешқайсын да табыссыз қалдырмаймыз деп отыр. Еңбек биржасына тіркеп, қоғамдық жұмысқа тартпақ. Сонымен қатар зейнетақы төлеу орталығынан да аздаған жәрдемақы тағайындалады.
Нұргүл Досаева, Бұқар жырау аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
- Қоғамдық жұмысқа жұмыс өтілі, алған білімі талап етілмейді. Өздерінің тарапынан жұмыс істеймін деген ниеті болса болды. Айлығы қолға 54 мың және зейнетақы төлеу орталығы бекіткен жәрдемақыны да алып отырады.
Компания басшысы жылу маусымы жақындаған кезде қысқарған адамның барлығын қайтадан жұмысқа қабылдаймын деп уәде етті. Себебі басқа адамдарды жинап, жұмыс тәртібін үйрету оған да тиімсіз екен. Тек сол уақытқа дейін қарыз, қаржы мәселесін шешіп алуға ниетті. «Ол үшін билік тарапынан қолдау болса», - дейді.
Евгений Воронов, коммуналдық кәсіпорын директоры:
- Көмір өндіретін компаниялар әлеуметтік маңызы бар нысандарға бағаны шарықтатпай, жеңілдік жасауы керек. Мысалы, біз өткен жазда жылу тарифін бекіттік. Ал күзде көмір бағасы бірден 60% қымбаттады. Ол аздай отынды 80 шақырым жерден тасимыз. Себебі Қушоқының көмірі таусылған. Осының барлығы жұмысымызға әсер етіп, қарыз көбейіп кетті.
Қазіргі күні компанияның көмір мен электр қуатына берешегі 140 млн теңгеден асқан. Бұл – тек екі жылда жиналған қарыз. «Егер бұл өзекті мәселені күзге дейін біржақты қылмаса, қыстың көзі қырауда кенттің 4 мың тұрғыны жылусыз қалуы мүмкін», - дейді мекеме басшысы.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар